Қоғам
ТҮРКІСТАНДЫҚ АҚЫН АРАЙЛЫМ МҰРАТАЛИЕВА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПОЭЗИЯ ФЕСТИВАЛІНДЕ ЛАУРЕАТЫ АТАНДЫ
Танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Түркістан қаласындағы «Конгресс холл»кешенінің «Ақпарат және жарнама» бөлімінің Бас редакторы Арайлым Мұраталиева Қырғызстанда өткен «Жашыл аалам» халықаралық поэзия фестивалінің лауреаты атанды.

Аталған фестивальді халықаралық TÜRKSOY ұйымы ұйымдастырып, ол қырғыз поэзиясының көрнекті өкілі Жолон Мамытовтың 85 жылдығына арналды. Мәдениет пен шығармашылықты біріктірген бұл маңызды әдеби шара Қырғызстанның Ош қаласында жоғары деңгейде өтті.
Қазақстан делегациясын ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастап барды. Төрт күн бойы өткен фестиваль қатысушыларға поэзиямен сусындап, рухани байып, бауырлас елдің кең пейілі мен қонақжайлығына куә болуға зор мүмкіндік берді.
Арайлым Мұраталиева бұл сапардан ерекше шабытпен оралғанын тілге тиек етті:
«Естен кетпес әдеби сапар болды. Кең көңілімен қарсы алған Қырғыз еліне, сондай-ақ TŪRKSOY ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев ағамызға алғысым шексіз. Бұл фестиваль мен үшін жаңа тыныс, жаңа шабыт сыйлады. Поэзия жасай берсін!» — деді ақын.
Айта кетейік, Арайлым Мураталиева 1997 жылы дүниеге келген. Сонымен қатар, Арайлымның «Ай-Зер», «Бүгін жаңбыр жауса екен…», «Бақ ішінде», «Жаңбыр», «Қоңыр пальто» деген өлеңдері бар.