Қоғам

ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАНЫҢ ҚАЗІРГІ ИНТЕРПРИТАЦИЯСЫ-2

Дегенмен де, бүгінгі этнофольклорлық «Тұран» және эстрадалық интерпретациядағы «Алашұлы» вокалдық триосы Махамбет термелерінің қуатты күшін, халықтың сарқылмас жігерін заманауи эстрада құралдарымен тартымды жеткізеді.

Халық даналығы мен тарихи шыңдықты ұштастырған қоғамда әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қозғаған Махамбет шығармашылығы жырдың ереуіл жыр түрін аталған эстрадалық топтар сұлбасын бұзбай, шебер лайықтап жүр. Махамбет ақынның ой толқыны күрес толқынымен сабақтастық тапқан 7-8 буынды жыр ағымы, шумақ өлшемі, буын мөлшері, ұйқас тәртібі қатаң сақталмай, шұбыртпалы ұйқаспен ағытылып, жырларының буырқанған асау сезімін серпілткендіктен, жастардың ұлттық рухын көтеруде көп септігін тигізеді.

Дәстүрлі әрі эстрадалы орындаудағы Қашаған пернесіне сүйенген, вариантты дамитын, тирадалы негіздегі әуен, тар көлемді дыбыс қатарын сақтайды. Термелердің музыкалық ырғағы өткір синкопалы, пунктирлі өрнектермен өріліп, сөздің айтылу мәнеріне икемделеді. Дыбыс алу ерекшелігі жағынан жол басында глиссандалы орындалатын бейтарап дыбыстардың келуімен, ал аяқталар сәттерде соңғы дыбыстардың үдетіле, күшейтіле шығу зандылығын байқатады. Кейбір термелер төкпе күй секілді қос демді, екі түрлі регистрді (бас буын, орта буын) қамтиды («Әй, Махамбет жолдасым»). Тирадалы ортаңғы тараулар әдетте бастапқы негізгі әуенді жан-жақты дамытып түрлендіреді. Мұндай жағдайда 2, 3-ші шумақтар (яғни, ортаңғы шумақтар) бастапқысынан екі есе көлемдірек болып, ал термелердің қарапайым құрылымдары тирадалы шумақты дәл қайталайды («Махамбет термесі»). Қиып түсер өткірлігі, қызу қанды жігерлілігі, нөсердей екпінді дауылдай долылыққа толы Махамбет ән-өлеңдері бүгінгі қазақ эстрадалық орындауда өзінің ерекше пафосынан айырылмаған. «Тұран», «Алашұлы» топтары «Махамбеттің термесін» еркіндікті аңсап, атқа мінген арыстан жүректі азаматтар ерлігін аспанға көтере жыр төккен адуынды ақынның сөзін от-жалынмен жалт-жұлт еткізіп, найзағайдай айбарлы үнмен орындап, еліміздің тыңдаушыларының ерекше ықыласына бөленуде.

Бүгінгі сахнадан шырқалған «Махамбеттің термесі» мен «Сүгір жыраудың» түркілік көмей дауыспен толғау, термелер халқымыздың дәстүрлі өнерінің жаңа сапалық сатысының көрсеткіші. Жыраулық өнер қазіргі этнофольклорлық ансамбльдер репертуарының аса маңызды бөлігін құрайтын арқа сүйер саласы. Тұғыры биік дәстүрлі саз өнерінің көркем болмысы түркілік заман көмей өнерімен өрілген үштік әлеммен тілдесудің құралы мен Қазақ хандығында қалыптасқан толғау, терме, өсиет, нақыл сөздерге негізделген ұлт руханиятын қазіргі заман құралдарымен жаңа буын тыңдаушыларға жеткізу талпынысы этнофольклорлық ансамбльдер шығармашылығында кең қанат жайды.

Қазіргі заман этнофольклорлық топтарда дәстүрлі күй өнерінің шертпе мен төкпе стильдері бірдей дәрежеде өз орнын тапқан. «Magic of Nomads», «Ұлытау» топтарының шығармашылығында Құрманғазы, Дәулеткерей, Махамбет, Сүгір сынды күйшілердің өшпес мұралары өзінің жаңа белесін бастап, ықыласты тыңдаушысын табуда.

Әуендік дамуы жағынан дәстүрлі күй ансамбльдер шығармашылығында Қаратау шертпесі мен Бөкей ұяшығының күй сипаттарын заманауи деңгейге көтерген. Бастапқы стереотипті бас буынның «d-g», «d-a» ладтық тірегіне негізделген тарау немесе жаңа тақырып көрсетілімдердің бірнеше қайталанулары арқылы күй дәстүрінің өзіндік үйлесімі бола білген құрылымы дәстүрлі жүйеге сүйене түзілген. Жалпы, күйдің суырып салма табиғатындағы ХІХ ғасырдың екінші жартысында, яғни, кейінгі кездері пайда болған оның көлемді нұсқалары төкпе күйдің композициялық құрылымын айқындаған.

«Жыр бастау», «ән шақыру», «күй шақыру», «құлақ күйі» сияқты тармақты күй дәстүріндегі кіріспе қызметін атқарған көркем формалары күрделі болды. Негізгі әуеннің әр жаңа көрсетілімі иірім мен қағысы жағынан өзгертіліп отырды. Негізгі тақырыптың көрсетілімінен соң, орта буын немесе кіші сағада қорытындылаушы тарау орындалып, күйшілер өзінің бар шеберлігі мен орындаушылық қабілетін ашуға мүмкіндік алған күй құрылымы эстрадалық этнофольклорлық топтар шығармашылығында тембрлік және ырғақтық белгілері бойынша өзгеріске ұшыраса да, мазмұны мен композициясы жағынан дәстүр көлемінде қалып, осы көне мақам саздарды қайта жандантты.

Төкпе күйдің буындық құрылымын (бас буын, орта буын, кіші саға, үлкен саға) Бөкей   күйшілік   мектебінің   қолтаңбалық   ерекшеліктерін   аспаптық этнофольклорлық нұсқада дамытқан бүгінгі ансамбльдер өнеріндегі дәстүрлі күй, заманауи сипатта, ансамбльдік лайықтамада мүлдем басқа сапаға ие болды. Ал Қаратау шертпесінің көрнекті өкілі Сүгірдің күй сарындарын дамытқан «Magic of Nomads», «Ұлытау» топтарындағы созылыңқы мақамдар өз лирикалық табиғатын күшейтеді. ХІХ ғасырда ерекше дамыған күй тартыс өнері де «Magic of Nomads», «Ұлытау» топтарында қайта жаңғыртылған.

Халық әндері мен халық композиторларының әндерінің сүйемелі мен айтылу өзгеріске ұшыраған тұсы Кеңес кезіңінде басталды. Дәстүрлі музыкаға өзгерістің енуі алғаш «ДосМұқасан» вокалды ансамблінде көрініс тапты, бұл жаңаша бағытты вокалды ансамбль алғашында эксперимент жүзінде бастаса, кейін жаңаша үлгіде орындауға икемі келетін бірнеше әндерді алып оның дәстүрлі орындаушылық сүйемелін өзгертіп орындады. Кейін бұл үрдісті әрі қарай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Роксанаки» тобы және жеке эстрада жанрын орындаушылар Г.Қаспақова және т.б. орындауларында жалғасын тапты. Қазақ әндерін жаңаша үлгіде орындау деңгейі өте жоғары болып, бұқара халық жақсы қабылдады. Мұндай орындаулар халық әндерін толықтай жаңа форматта орындауға    мол   мүмкіндіктің     барын көрсетті.      Бұл   біртіндеп этнофольклорлық топтардың репертуарына халық әндері   мен  халық композиторларының әндерін орындауға негіз болды. Бүгінгі этнофольклорлық топтардың шығармашылығына әсер етуші оның тағы бір маңызды қайнар көзі – ХІХ ғасырдың кәсіпқой әнінің стильдік ерекшеліктері. Кәсіпқой әншілер туындыларының заманауи өңдеулері, әсіресе, «Қоңыр» «Шарапат» және «Magic of Nomads» топтарының репертуарында маңызды орын алды. «Қоңыр» және «Шарапат» топтарының репертуарында кәсіпқой әннің аймақтық ерекшеліктері алуан арнада тоғысты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында әр аймақта, тіпті әр сазгерді айрықшалап тұратын жеке қолтаңбалары болғанын зерттеушілер А.Сейдімбек, С.Елеманова, Д.Әмірова , А.Байбек, және т.б. еңбектері мәлімдеген.

ХІХ ғасырда қазақтың дәстүрлі өнері шырқау биікке көтерілгендіктен, осы кезеңді А. Сейдімбеков қазақ музыка өнерінің «Алтын ғасыры» деп атады. Әр өлкеде, әр аймақта дербес қолтаңбасы бар ән дәстүрлері қалыптасты. Міне, осы ән дәстүрінің әр аймағындағы айрықша қолтаңбалардың семантикалық белгілері этнофольклорлық ансамбльдік топтарда эстрадалық өңдеуде түп нұсқаға жақын үлгіде қолданылып отыр. Этнофольклорлық ансамбльдердің репертуарындағы кәсіби әндердің жанрлық және стильдік бағыттарын айқындау мақсатында ХІХ ғасырдың әндері туралы ғылымда жазылған тұжырымдарға тоқталайық. Себебі дәстүрлі ән эстрадалық топтардың репертуарында маңызды орын алып, заманауи шығармашылықтың мазмұндық, тақырыптық негіздерін құрады.

Қазіргі өнерпаздарды дәстүрлі қоғамдағы сауықшыл думанның еркесі болған сері мен салдардың ізбасары ретінде қарастыруға болады.

Жалпы, қазіргі заман әртістері мен сал-серілердің өмірлік салты және ұстанымдары бүгінгі күнде де аса өзгере қоймағандығын байқатады. Мәселен, фольклортанушы Е. Тұрсынов сал-серілердің бояуы қанық, қызылды-жасылды киімді, қымбат маталардан кербез талғаммен таңдағандықтан, сол кездің өзінде «киім имиджі» қалыптасқанына назар аударады. «Киізді киім қылды, қымбат жібекті киімнің астарына жіберген, жай киімді теріс, ал шалбарының балағының кеңдігі сондай, оған бір кісі сыятын»– деп сипаттағанынан сал-серілердің қарапайым адамдардан айрықша көрінуге талпынысы заманауи әртістердің эстетикалық ұстанымдарына сай келетінін байқаймыз. Сонымен бірге, бүкіл өмірін ел кезумен, той-тамашамен өткізгенсал- серілерді халық бір-екі шақырым жерден қарсы алып, арнаулы үйде құрметпен күткендігін, ал қыздар оларды атынан түсіруге қолқабыс жасап, өз қолынан тамақ асатып, құрметтегені әлі де ел есінен кетпеді.

Қазіргі театр труппасы сияқты сал-серілер елде топ-топ болып өнер көрсеткен. Олардың арасында ақындар, балуандар, өлеңшілер, әншілер, сиқыршылар, акробаттар т.б. өнер мамандықтары (Балуан Шолақ, Ағашаяқ – балдақ киді, Шашубай үй ішінде қоянша жорғалап жүрді) және әзіл-қалжыңға құралған ойын-сауықтардың болуы, сал мен серілердің шығармашылығында лирикалық ән жанрының жетекші орын алуына себепші болды. Шығармашылығының басты тақырыбы – махаббат лирикасы болғандықтан, ел ішінде: «Сал ойыныңды көрсет, алдыңнан қыз таянды, артыңнан жау таянды», деген мәтел қалған.

Заманауи әртістер мен бұрыңғы заманның сал-серілерінің мәртебесі биік болды. Олар елдің нағыз еркесі саналды. Қазіргі өнерпаздар секілді сал мен серілерге де жомарттық, кербездік, сыпайылық тән болды. Киімдерінің етек-жеңі жинақы, көз тартарлық сымбатты, ал жүріс-тұрысында паңдық белгілері айқын байқалатын. Лирикалық әндерді шығарумен ғана шектелмей, айтысқа да қатысып, мақтау өлеңдерін орындаушы, ойын, сиқыр, күреске де әуес салдардың бойында актерлік дарындылық көрінетін. Сол себепті профессор Е.Ысмайыловтың тұжырымдауынша сал – «салдырту», «салтанат» ұғымынан туындауына олардың той-томалақпен өткен өмірі сәйкес. Оған дәлел М. Қашқаридің сөздігіндегі орта ғасырлардағы құмыраларға жағылатын әсем жылтыр желімді «сал» деп атағандығына назар аударады. Серілердің де ел ішінде кербездік салтын Е. Тұрсынов бұл сөздің түп төркінін арабтың «сейір» (өмірін ел кезумен, сапарда өткізу) немесе «серуен» ұғымдарынан туындағанын ескертеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close