Саясат

“ДЕПУТАТ БІР СӨЗДІ БОЛУЫ КЕРЕК”

ҚР Парламенті мәжілісіне үміткер Темір Қырықбаев Shyndyq.kz сайтына сұқбат берді.

— Темір Базарбайұлы, сіз 2020 жылы Түркістан облыстық мәслихатына депутат болдыңыз. Мандатқа ие болуды бұрыннан армандадыңыз ба?

— Жоқ. Мен ешқашан билікке қызыққан емеспін. Депутат болуды да қалаған жоқпын. 2020 жылы Мақтаарал ауданында су тасқыны болды. Ол кезде мен Астана қаласында тұратын едім. Ел басына күн туғанда елмен бірге болайын деп келген едім. Менің құрылыс компаниям барын білесіздер. Жұртқа пайдамды тигізейін деген ниетпен жергілікті әкімдікке хабарласып, 30-ға жуық техникамды жібердім. Сол күннің ертесіне үлкен жиналыс болды. Сол жерде Amanat партиясының үйлерін сіз салыңыз. Құрылыс саласында тәжірибеңіз мол, компанияңыз да бар деп ұсыныс айтты. Мен бірден келістім. Сөйтіп, өзіме тиесілі 32 үйдің құрылысын аяқтап, тапсырдым. Аудан халқы алғысын айтып маған депутат бол деген ұсыныстарын айтты. Халыққа жанашыр болып, үнемі көмегіңді көрсетіп жүрсің. Біз сені қолдаймыз деп қолқалаған соң, депутат болдым.

— Сіз бар-жоғы екі жыл депутат болдыңыз. Бұл әрине өте қысқа мерзім. Дегенмен сіз екі жылда елге пайдалы біраз мәселені шештіңіз. Мәселен үш ауысымды мектептердің жайы.

— Асықатадағы “Жеңіс” деген мектептен 215 ата-анадан өтініш түсті. Балаларымыз мектепке сыймай жатыр. Осы мәселені шешуге ықпал етіңіз деді. Бұл жағдайды мен сессияда көтердім. Сол кездегі басқарма басшысы Р.Жолаев мырза ол үш ауысымды мектеп емес. Бұл жалған ақпарат деді. Сонда 215 ата-ана өтірік сөйледі ме, деп мен арнайы Асықатаға келдім. Аудандық депутаттармен бірге комиссия құрып, сол мектепке бардым. Үш ауысымды екеніне көзімді жеткізген соң, қайтадан облысқа келіп тұрақты комиссияда көтердім осы мәселені. Жолаев мырза! Менің қолымда аудандық депутаттармен бекітілген протокол бар. Сіз жасырып отырған мектеп шынында үш ауысымды дедім. Бұл облыс көлемінде көтерілетін проблема, арнайы комиссия құруды ұсынамын дедім. Әріптестерім бірауыздан қолдап, мәслихат хатшысы бекітті. Мені комиссияның төрағасы етіп сайлады. Құрамында білім, экономика және құрылыс басқармасының өкілдері бар комиссияны ертіп өңірдегі барлық ауданды аралап шықтық. Нәтижесінде облыста үш ауысымды 3 мектеп емес, 53 мектеп анықталды. Ал, апатты мектеп 30 емес, 189 екен. Нәтижесінде ғимараты ескі 189 мектептің жобалыш сметалық құжаттары әзірленіп, қазіргі таңда тендерлері өтіп жатыр. Сондай-ақ, үш ауысымды 15 мектептің құрылысы басталды. Қалғаны алдағы уақытта жасалатын болады.

— Сіз депутат болған мерзімде мектептерден бөлек, каналдардың да мәселесін көтергер болатынсыз.

— Ия. Ералиев округі бойынша К-30 дейтін канал бар. Сол каналдан егіннін суаратын 50-60 диқан хабарласып, көмек сұрады. Су тапшылығы болып жатыр деді. Мен дереу Жетісай ауданына жолға шығып, қоғамдық қабылдау өткіздім. Қабылдауда шаруалар К-30 каналының құрылысы 2019 жылы басталып, аяқсыз қалды деп шағымданды. Мен тағы комиссия құрып, каналды көзіммен көрдім. Сөйтіп Су Рессурстары Комитетіне сауалнама жібердім. Олар жауабында мердігер мекеме құрылысқа бөлінген 6 млрд теңгенің 30 пайызын алып, қашып кеткенін хабарлады. Комитеттің жауабына қанағаттанбай тағы да хат жолдадым. Мердігер қашып кетсе, әрі қарай не болады, қандай шара көресіздер деп. Қазіргі таңда 44 млн теңгеге каналдың жобалық-сметалық құжаттарын әзірледік. Қайта қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Мердігерді сотқа бердік, қазір бұл іспен құзырлы орындар айналысып жатыр деп жауап берді олар. Содан бері тағы үшінші рет хат жолдадым. Бірақ жауап жоқ. Мен мәжіліске сайланып жатсам, бұл мәселені республика деңгейінде көтеріп, түбіне жетемін.

— Өмір жолыңызға көз жүгіртсек. Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

— Жоғарғы оқу орнын бітіріп, әскерге бардым. Шекара қызметінің 2020 әскери бөлімінде борышымды өтедім. Үш айдан кейін мені Алматы облысындағы 2067 әскери бөліміне, спорт ротаға ауыстырды. Әскерден келгеннен кейін мемлекеттік қызметкер боламын деген ниетпен Астанаға жол тарттым. Келіншегім екеуміз пәтер жалдап тұрдық. Пәтерақыға 35 мың теңге төлейміз. Ер азамат болған соң отбасын асырау міндет. Қарызға көлік алып, кешкісін таксилетемін. Ол кезде ҚАЖК-не (қылмыстық атқару жүйесі комитеті) жұмысқа кіргенмін. Бірақ бұйрық шықпаған. Айлығы 26 мың теңге. Күндердің күнінде университеттегі деканыммен кездейсоқ жолығып қалдық. Ол кісі: Темір сен сабақты жақсы оқыдың, іске епті жігіт едің. Қазір қайда жұмыс істеп жүрсің деді. ҚАЖК-де қызметтемін. Жалақым 26 мың. Пәтерақы 35 мың. Жұмыс ауыстыруды ойлап жүрмін дедім. Ол кісі өзінің компания ашып, 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтты. Сосын бірден мені жұмысқа шақырып, сенің қабілетіңді білемін орынбасарым бол деді. Сөйтіп, ойда-жоқта директордың орынбасары қызметіне кірісіп, Ақтауға іс-сапармен бардым. Ол жақтағы құрылыста 150-ге жуық қызметкеріміз жұмыс істейтін. Барсам жағдай жасалмаған. Ұйықтайтын жерлері суық, не ыстық суы жоқ. БАЗИС-тің Президенті бар Белович деген. Сол кісіге барып, жұмысшыларыма жағдай жасамасаңыз оларды алып кетемін деп талап қойдым. Ол кісі мәселені шұғыл шешіп берді. Бұл әрекетімді директорым жоғары бағалап, крмпаниясын маған тапсырды. Кейіннен белгілі бір себептермен ол компаниядан 2008 жылы кеттім. Өзім құрылыс саласының маманы болғандықтан “Таймас Company” дейтін жеке компаниямды құрдым. Қазіргі таңда осы компанияда 800 адам жұмыс істейді.

— Бұл жетістікке жету сіз үшін оңай болған жоқ. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында осындай үлкен жетістікке жеттіңіз. Өзіңізден кейінгі жастарға кеңесіңіз қандай?

— Жастарға бір-ақ нәрсені айтамын. Адам өмірге бір рет келеді. Жақсы ат қалдыру керек. Ата-анасының разылығын, ақ батасын алу керек. Қандай саланың маманы болсаң да, тура жолдан тайма. Ешкімді алдама, әділ бол. Сонда ғана жетістікке жетесің!

— Сұқбатыңызға рахмет.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close