САЙРАМДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУДЕ
Шымкент қаласы әкімінің шалғай елді мекендердің инфрақұрылым жүйесін ретке келтіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабының Тассай бөлімшесінде Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов, Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғ.Илясов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ж.Таңатарова, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары А.Парманов, Шымкент қалалық көлік бақылау инспекциясының мамандары және жергілікті тұрғындардың қатысуымен кездесу өткізілді.
Аталған кездесу барысында жол, табиғи газ, ауыз су және т.б. өзекті мәселелер көтерілді.
Жиынға қатысушы әрбір сала өкілдері өзекті мәселелердің мән-жайымен толықтай танысты.
Сала мамандары ағымдағы жылдың қыркүйек айында орталық КХ-39 автожолы арқылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін атап өтті.
Сонымен бірге, аумақтағы ішкі орамдық көшелерге инженерлік коммуникациялар толығымен жүргізілген соң, орташа жөндеу жүргізілетіндігі жөнінде тұрғындарды хабардар етті.
Кездесу қорытындысында тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, көлік инспекциясы мамандары КХ-39 автожолына ауыр салмақты автокөліктерді нормадан тыс салмақпен жүруін қадағалау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізетін болды.
Қаратау ауданы әкімінің орынбасары А.Парманов табиғи газды қосу мақсатында Шымкент қаласында АГРС-3 қосалқы стансасының құрылысы ағымдағы жылдың қазан айында аяқталғаннан соң іске қосылатынын айтып өтті.
Еске сала кетейік, Сайрам тұрғын алабы Тассай бөлімшесінде бүгінде халық саны – 2 553 болса, ал тұрғын үйлер саны – 408 құрап отыр.
Елді мекенде бүгінгі күнге дейін ауыз су «Сайрам су» ӨК тарапынан кесте бойынша 4-8 сағат су беріледі. КХ-39 облыстық маңызы бар жолына асфальттау жұмыстары 2016 жылы Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жүргізілді. КХ-39 автожолы 2016 жылы облыстық коммуналдық меншігінен Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне өткізілген.
Аумақтағы ішкі орам көшелер орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан сметалық есептер әзірленген.
Электр жарығының құрылыс жұмыстары 2018 жылы жүргізіліп, толық қамтылған. Аталған бағыттағы дәлірек инфрақұрылым жүйесінің толық шешімін табу жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.