ЕЛБАСЫНЫҢ ӘЛЕМ ТАРИХЫНДА ҚАЛАТЫН БАСТАМАЛАРЫ
2. Ядролық қаруды таратпау лидері
Дегенмен, әлем әлі де болса ядролық қауіп-қатер алдында тұрғаны жасырын емес. Мәселен, Біріккен Ұлттар ұйымының деректеріне қарағанда, қазіргі уақытта әлемде 15 мыңға жуық ядролық қару бірлігі сақталған. Ал мұндай қаруға ие болып отырған елдер Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қоюға асығар емес. Ал Қазақстан болса 2018 жылдың 2 наурызында бұл құжатты рәсімдеген болатын. Жалпы, ядролық қарусыздану тарихындағы алғашқы заңдық күші бар құжатқа айналған бұл шарттың мәтінін әзірлеуге және оның қабылдануына Қазақстан белсенді түрде қатысты. Құжаттың негізгі ережелері әлемдегі төртінші ең ірі ядролық арсенал иесінен ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы көшбасшы мемлекетке айналудың өнегелі жолын көрсеткен Қазақстанның қағидатты ұстанымына жауап береді. Еліміздің мұндай ерен жетістіктері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең ірі ядролық полигонды жабу, қырғи-қабақ соғысының ядролық мұрасынан бас тарту сияқты тарихи шешімдерінің арқасында мүмкін болған еді.
Бүгінгі әлемде Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылық орнын сақтап келеді. Қазақстан бастамасымен мәні барлық адамдарды ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолындағы күреске жұмылдыру болып саналатын АТОМ жобасы жүзеге асырылуда.
Бірқатар мемлекеттердің, соның ішінде жетекші елдердің қарусыздануға мойынсұнбауына қарамастан Елбасы әлемдік қоғамдастықты ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге шақыруын табандылықпен жалғастырып келеді. Есте болса, Қазақстан төрағалығымен ұйымдастырылған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейдегі тақырыптық брифингі барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2045 жылға қарай, яғни БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құруға қайта үндегені есте.
«Күш ядролық бомбалар мен зымырандарда емес. Нағыз қорғаныс амалдары халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімділігі арқылы қамтамасыз етіледі», — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.