#Жастар

ШЫМКЕНТ — ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАСЫ

Елбасының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында жастар мәселесі жүйелі түрде шешіліп келді, оның жалғасы ретінде 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталып өтті. Таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды. Былтыр Волонтер жылын абыроймен атқарып шықтық. Президенттің кадрлық резерві жасақталды. Биыл жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Осының өзі кейінгі кезде жастарды қолдауға ерекше назар аударыла бастағанын аңғартса керек.
Жас тәуелсіз мемлекет үшін жастар саясатын қалыптастыру маңызды мәселелердің бірі еді. Жас мамандарды даярлау, оларды оқытатын ұлттық мектептер мен ЖОО ашу, жастарға әлеуметтік жағынан көмек көрсету, олардың рухани-мәдени құндылықтарын байыту мемлекеттің маңызды саясатының біріне айналды.
Қазақстанда жастар саясатын басқару саласында әр түрлі тәсілдер қолданылды. 1991 жылы Жастар істері, дене шынықтыру және спорт жөніндегі комитет құрылды. Кейіннен сол Комитет Қазақстан Республикасының Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды. Жергілікті жерлерде, барлық облыстарда, көптеген қалалар мен аудандарда Жастар істері жөніндегі комитеттер құрылды. Бірқатары басқа мемлекеттік құрылымдармен біріктірілді немесе әкімшіліктердің құрамына кірді. 1991 жылдың маусымында алғашқылардың бірі болып «Қазақ ССР-індегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданды. 1993 жылы Жастар істері жөніндегі мемлекеттік комитет пен туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігі таратылып, олардың орнына бірыңғай орган құрылды. Бұл жаңа құрылған Қазақстан Республикасының Жастар істері, туризм және спорт министрлігі еді.

Еліміз тәуелсіздік алған тұстан бастап, «Жастар саясаты» туралы Заң бірнеше мәрте қабылданды. 1991, 1996, 2002, 2004 жылдар ішінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жаңартылып отырды. 2015 жылдың ақпан айында «мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданды. Осының нәтижесінде жастарды өз ұйымдарының, консультативтік-кеңесші органдардың және олардың өзін-өзі басқару органдарының қызметіне білім беру жүйесі мен еңбек ұжымдарына тарту заң жүзінде бекітілді.

Жастардың санасындағы «құндылықтар» ұғымын дұрыс қалыптастыру елдің болашағын айқындайтын факторлардың қатарына жатады. Адамзат өркениетінің бүгіні мен болашағы көп жағдайда жастардың әлеуметтік белсенділігіне қатысты болатыны даусыз. Сондықтан жастардың жетілуінің сапалық деңгейі де, оларға деген жаңа көзқарастың қалыптасуы да үш бірдей фактордың – жастар белсенділігі қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғышарттары мен жастар саясаты, оның мәдени бетбұрыстарының жиынтығынан және қазіргі кездегі жастардың белсенділігінің әлеуметтік-мәдени болмысына тәуелді болуымен байланыстырылады.
Елімізде жастарға мемлекет тарапынан ұдайы жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан болар, Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні бекер емес. Жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында жастар саясатын жетілдіруге бағытталған жүйелі тапсырмалар беріп отыратыны белгілі, өйткені жастар қашан да қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Мәселен, жас мамандарды ауылға тарту мақсатындағы «Дипломмен ауылға», экономикалық және жұмыспен қаму бағытындағы «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», білім беру саласындағы қосымша гранттар және шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Жас отбасы», «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болудың мүмкіндіктері, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағытындағы бағдарламалардың барлығы еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, бұл қатарға 2014 жылы іске қосылған «Серпін» бағдарламасын айтып өту де орынды болмақ. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің оңтүстігіндегі жастарды мамандар тапшылығын көріп отырған солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл, бір жағынан, жастар арасындағы жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізсе, екінші жағында – орыстанған аймақтарға қазақ жастарын жіберу арқылы өңірлерді қазақыландыру саясаты жатыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close