ТҮРКІСТАН: ЕГІСТІК АЛҚАПТАР ҰЛҒАЙЫП, ӨНІМДІЛІК АРТҚАН
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласында биыл айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

2025 жылы аграрлық дақылдар 907 мың гектарға егілді. Соңғы үш жылда тамшылатып суару және жаңбырлатып суару технологиялары енгізілуінің арқасында егіс көлемі 43,4 мың гектарға ұлғайды. Өңірде су үнемдеу технологияларының таралуы, тыңайтқыштарды тиімді қолдану, заманауи техника паркін жаңарту және қаржылық қолдау шаралары егістік көлемінің өсуіне және өнімділіктің артқанын көрсетті.
Өткен жылмен салыстырғанда, егіс алқаптарының өсуі аудан бойынша келесідей көрсеткіштерге жетті: Отырар ауданында 20,8 мың гектарға, Арыс қаласында 9,2 мың гектарға, Сарыағаш ауданында 6,5 мың гектарға, Бәйдібек ауданында 4,8 мың гектарға, ал Сауран ауданында 2,3 мың гектарға артты. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының агроөнеркәсіп саласындағы даму қарқынының айтарлықтай екенін дәлелдейді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров апарат мәжілісінде сала жұмысын жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, цифрландыру әдістерін қолдана отырып, егіс егу және суғарудың кешенді жол картасын әзірлеуді, көктемгі және күзгі меженің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, 2026–2029 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың арнайы жоспарын әзірлеу және бекіту міндеті қойылды. Бұл шаралар өңірде егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығын тиімді басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Мәжілісте Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов егін жинау науқанының қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, егіс құрылымы бойынша дәнді дақылдар 342 мың гектарға, майлы дақылдар 73 мың гектарға, көкөніс және картоп 55,9 мың гектарға, бақша дақылдары 62 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 229,9 мың гектарға, мақта 144,5 мың гектарға егілді. Бұл көрсеткіштер соңғы жылдардағы технологиялық жаңартулар мен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін айқын көрсетеді.
Облыста дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар дер кезінде бөлініп, уақытылы жеткізіліп отыр. Биылғы жылдың 10 айында дала және жиын терім жұмыстарына 93,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Көктемгі дала жұмыстарына 55,3 мың тонна жанар-жағармай сатып алынып, 41,7 мың тоннасы босатылды, ал күзгі дала жұмыстарына 38 мың тонна жанар-жағармай толық сатып алынып, бүгінде 12,4 мың тоннасы босатылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 781 мың гектар егіс алқабына 227,1 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізіліп, жоспар 120% орындалды. Соңғы үш жылда тыңайтқыштарды енгізу көлемі 2 есе артқан, бұл топырақ құнарлылығын арттыруға және өнімділікті тұрақты жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Дала жұмыстарын қаржыландыру бойынша облыста «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Оңтүстік» АИО» ЖШС, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС жұмыс істейді. 2025 жылдың 10 айында 2 329 жобаға 26,4 млрд теңге бөлініп, өткен жылдан 1,6 есе артық қаржы жұмсалды. Қаржыландыру жұмыстары жалғасуда, бұл ауыл шаруашылығы саласында тұрақты дамуды қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қолданыстағы 25 мың техникадан 1 531 жаңа техника сатып алынған, бұл техника паркін жаңартудың 8,8%-ын құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 10%-ға жеткізу жоспарланған. Заманауи техника паркі дала жұмыстарын жеделдетіп, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау қалыпты деңгейде жүргізілуде. Биыл 695 мың тонна дәнді дақылдар, 54 мың тонна майлы дақылдар, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша дақылдары, 5,2 млн тонна мал азықтық дақылдар және 428 мың тонна мақта жиналды. Мақта өнімінің көлемі 1,4 есе, ал күріш өнімділігі 2,3 есе артты. Бұл көрсеткіштер облыстың аграрлық потенциалының артып, өндірістің жоғары тиімділікті қамтамасыз ете бастағанын дәлелдейді.
Су үнемдеу технологиялары да кеңінен енгізілуде. Биыл 27 мың гектарға жоспарланған технологиялар нақты 59 мың гектарға енгізілді. Оның ішінде 54,6 мың гектарға тамшылатып суару, 4,4 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары қолданылды. Су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптардың жалпы көлемі 114 мың гектарды құрап, өнімділіктің айтарлықтай өсуіне жол ашты. Мысалы, мақта дақылы жаңа технологиямен 52,2 мың гектарға егілгенде өнімділік 2 есе артты, дәстүрлі егісте гектарына 5,2 мың м³ ағын су пайдаланылса, жаңа технологиямен 2,6 мың м³ ғана жеткілікті болды. Күріш дақылында пилоттық түрде тамшылатып суару әдісі енгізіліп, өнімділік 4-5 тоннаны құрады, дәстүрлі әдіспен 3,4 тонна болған.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу және өнімділікті арттыру жұмыстары тұрақты жалғасады. Жобалар өңірдің аграрлық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға маңызды үлес қосады. Су үнемдеу, тыңайтқыштарды тиімді қолдану және заманауи техника паркін жаңарту арқылы егістік алқаптар ұлғайып, өнімділік жоғары деңгейге жетуде.



