Без рубрики

САЙРАМДА МАЛ БОРДАҚЫЛАУ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Мал бордақылау- қазақтың көнеден келе жатқан кәсібі. Бүгінде бұл кәсіппен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Десе де, дәл қазіргі уақытта мал бордақылау ең тиімді кәсіптің бірі болып тұр.

Түркістан облысы Сайрам ауданы  инвестиция саласын мал бордақылауға бөлуді жөн көрді. Бұл жастардың да  қызығушылығын арттырғаны анық. Қазір осы саланы қамтитын  бірқатар инвестициялық  жобалар қарастырылып, олар  жүзеге асырыла бастады. Айта кету керек, бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Осындай жобалардың  бірі – Арыс ауылдық округіне қарасты Қожақорған ауылында салынып жатқан «BEK-AGRO» KZ  шаруа қожалығының ірі қара мал бордақылау кешені мен мал сою алаңы.

Инвестициялық жобаның жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайды. Заманауи өндірістік талаптарға сәйкес салынып жатқан кешен бір мезетте 10 мың бас ірі қара малды бордақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылына 20 мың тоннаға дейін ет өнімін өндіруге қауқарлы болады. Бұл ауданның мал шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін ірі жобалардың бірі саналады.

Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өңірлердің қатарында. Мұнда егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Ауданда ірі қара, қой және құс өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны жыл сайын артып, өндірілетін өнім көлемі де ұлғаюда. Соның нәтижесінде ет және сүт өндірісі тұрақты өсіп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтуға мүмкіндік жасалуда. Осындай әлеуеттің арқасында ауданға инвестиция тартылып, заманауи өндіріс орындары кезең-кезеңімен іске қосылуда.

Президент өз Жолдауларында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, дайын өнім өндіру үлесін арттыру, еңбек өнімділігін көбейту және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамыту міндетін айқындаған болатын. Бұл жоба аталған тапсырмалардың нақты жүзеге асуының бір көрінісі болып табылады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өндірілетін ет өнімдері ішкі нарыққа жеткізіліп қана қоймай, экспортқа шығарылатын болады. Бұл өз кезегінде импортты алмастыруға, отандық өнім көлемін арттыруға және өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.

Кешен толық іске қосылған кезде 75 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, халықтың табысын арттыруға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орны аудан бюджетіне түсетін салық көлемін көбейтіп, жергілікті экономиканың дамуына оң әсерін тигізеді.  Кәсіпорында малды бордақылаудан бастап сою, алғашқы өңдеу, салқындату және дайын өнімді сақтауға дейінгі барлық өндірістік үдерістер заманауи технологиялар негізінде жүзеге асырылады. Халықаралық санитарлық және ветеринариялық талаптардың сақталуы өндірілетін өнімнің сапасын арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Бұл болашақта сыртқы нарыққа шығуға және жаңа өткізу нарықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар оларды өңдеу бағытындағы кәсіпорындар саны да артып келеді. Мұндай өндіріс орындары  сапасы жоғары өнім шығаруға, шикізатты тиімді пайдалануға және жаңа инвестициялық жобаларды тартуға негіз қалайды. Ауданда мал бордақылау алаңдары, жылыжай кешендері, көкөніс сақтау қоймалары, азық-түлік өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы жобалар кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

«BEK-AGRO» KZ шаруа қожалығының бұл жобасы Сайрам ауданының агроөнеркәсібін жаңа деңгейге шығармақ. Әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек. Мұндай кәсіпорындардың көбеюі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Мемлекет басшысы айқындаған ауыл шаруашылығын жаңғырту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі стратегиялық міндеттердің орындалуына өз үлесін қосады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close