ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ЖӨНІНДЕГІ ІРІ ЖОБАЛАРДЫҢ АУҚЫМЫН КЕҢЕЙТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түркістан облысы еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды орталықтарының бірі болып табылады.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу жүйесі тек шикізат өндірумен шектелмей, терең өңдеуге бағытталған ірі жобаларды іске асыру арқылы экономикалық өсу мен ауылдық жерлердің тұрақты дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Осы орайда, бүгін облысқа ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері іс-сапармен келіп, өңірдегі өндірістік және инфрақұрылымдық жобалардың барысын тексерді.
Сапар барысында делегация «SPK Turkistan» өндірістік паркі мен «Түркістан» индустриялды аймағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Атап айтқанда, көкөніс сақтау қоймалары, «BNK GROUP» ЖШС-нің жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесінің өндірісі, сондай-ақ «Тұран су» МКК-нің заманауи суару жабдықтары мен технологиялары кеңінен зерттелді. Бұл жобалар тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, су үнемдеу технологиялары мен заманауи инфрақұрылым арқылы ауыл шаруашылығының өнімділігін едәуір жоғарылатуға мүмкіндік беретіндігін көрсетті.
Сонымен қатар Түркістан қаласындағы Достық үйінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған ірі жобаларды дамыту жөніндегі комитеттің көшпелі отырысы өтті. Жиынға комитет төрағасы Әли Бектаев, ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүреков, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Файзулла Байдуллаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев және басқа да жауапты тұлғалар қатысты.
Вице-министр Ербол Тасжүреков баяндағандай, 2026 жылы облыста қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС өндірістік кешені іске қосылады. Жобада крахмал өнімдерін өндіру жоспарланып, 500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл бастама өңірдегі ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді тереңдету бағытындағы стратегиялық маңызды жобалардың қатарын толықтырады.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков хабарлағандай, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Өңірдің жалпы өнім көлемі еліміз бойынша 13%-ға тең, ал биылғы 10 айда өндірілген өнімнің жалпы құны 1 трлн 86 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға ұлғайып, жалпы 907 мың гектарға жеткен.
Егіс құрылымында дәнді дақылдар 9 мың гектарға өсіп, 342 мың гектарды құрады. Майлы дақылдар 2,4 мың гектарға артылып, жалпы 73 мың гектарға жеткен. Мақта алқаптары 38 мың гектарға ұлғайып, 144,5 мың гектарды қамтыды. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жетекші өңірлердің қатарына жататынын айқындайды.
Нұрбол Тұрашбеков атап өткендей, облыс республикада өндірілетін мақтаның 100%-ын, жүзімнің 82%-ын, бақша дақылдарының 75%-ын, жеміс-жидек өнімдерінің 40%-ын, көкөністің 30%-ын, жүгерінің 27%-ын өндіреді. Мал шаруашылығында өңір өндірген еттің 12%-ын, сүттің 13%-ын қамтамасыз етеді. Бұл деректер облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің көлемін ғана емес, сонымен қатар терең өңдеуге қажетті шикізат базасын қалыптастырудағы стратегиялық рөлін көрсетеді.
Сонымен қатар, облыста су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Биыл су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары 27 мың гектарға бағытталған болса, нақты 59 мың гектар алқапқа енгізілді. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары қолданылды. Бұл жоспарды екі есеге арттыруға мүмкіндік беріп, су үнемдеудің тиімділігін арттырды. Қазіргі уақытта облыста жалпы 114 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілген. Ұсынылған жаңа технологиялар арқылы 195 млн текше метр су үнемделді. Алдағы жылдары әр жыл сайын 50 мың гектарға технологияны қосу жоспарланып, 2030 жылға қарай 364 мың гектардан 622,8 млн текше метр су үнемдеу көзделіп отыр.
Су үнемдеу технологияларын дамыту және қолжетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 163 мың гектар алқапқа жететін 4 кәсіпорын іске қосылды. 2026 жылы тағы 2 кәсіпорын жұмысқа кірісіп, жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты қамтиды. Мақта мен күріш өсіруде жаңа су үнемдеу технологиялары қолданылуы нәтижесінде қосымша өнім алынған.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен Түркістан облысына жалпы 30,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы 19,8 млрд теңге, 2024 жылы 3 млрд теңге, ал 2025 жылы 7,4 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат арқылы 6 бағыт бойынша 3 790 жоба қаржыландырылып, жалпы 25,6 млрд теңге несие берілді. Бағдарлама нәтижесінде шағын кәсіпкерлік саны 3 662 бірлікке артты, 23,2 гектарға 477 жылыжай кешені салынды. Мал басы 72 982-ге ұлғайды, 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды, 4 174 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, АӘК алушылар саны 441 адамға қысқарған.



