ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
Түркістан қаласында 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне және Қазақстан полициясының құрылғанына 34 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

«Конгресс холл» кешенінде ұйымдастырылған мерекелік жиын Қазақстан полициясының қызметіне арналған арнайы бейнероликпен басталды.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, құқық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Сіздерді Қазақстан полициясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін сақтау – аса жауапты әрі мәртебелі міндет. Тәуелсіздігіміздің тұғыры – тұрақтылық пен тәртіп. «Тәртіп бар жерде – береке бар» дейді халқымыз. Ал сол тәртіпті сақтап, елдің тыныштығын қорғау – сіздердің қызметтік борыштарыңыз. Полиция қызметі – ерлік пен батылдықтың, адалдық пен темірдей табандылықтың мектебі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ерекше сенім артып келеді, – деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен заңдылықты сақтауға үлес қосып жүрген бірқатар полиция қызметкерлері марапатталды. Өңір басшысы қызметтік міндетін мінсіз атқарған сақшыларға II дәрежелі «Айбын» орденін, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын және Алғыс хаттарды табыстады.
Жиында Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Запаров та сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Сонымен қатар сала үздіктері мен ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Бірқатар қызметкерлерге арнаулы шендер беріліп, жас полицейлерге Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ спорт саласында жоғары жетістікке жеткен полиция қызметкерлері де арнайы марапатқа ие болды.
Салтанатты жиында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына ерекше құрмет көрсетіліп, олардың жұбайларына гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен бірге Түркістан облысы ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразалы Жанқожаев құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметкерлеріне ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік іс-шара еліміздің танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.



