Без рубрики

САЙРАМ АУДАНЫ ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ЖҮЙЕСІН ДАМЫТЫП ЖАТЫР

Түркістан облысы тамшылатып суару жүйесін алғаш 2000 жылдардың ортасынан бастап қолданды.

2023 жылдан бері қарай бұл жүйе туралы ел Президенті Қасым –Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауларында айта бастады. Ол ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін, оның ішінде егін егуді кәсіпке айналдырып отырғандардар үшін тамшылатып суару тиімді тәсілі екенін айтты. Президенттің бастамасын назарға ала отырып Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы- су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы егіс алқаптарын ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында ауданда суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар қолға алынған.

Суармалы  алқаптарға ағын суды қажетті көлемде әрі белгіленген мерзімінде жеткізу-ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды басымдықтарының  бірі. Себебі  Сайрам ауданы көкөніс, бау-бақша және мал азығы дақылдарын өндіру бойынша Түркістан облысындағы жетекші өңірлердің бірі болып саналады. Сондықтан егістік алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету – мол өнім алудың негізгі кепілі.

Дегенмен соңғы жылдары климаттың өзгеруі диқандар үшін едәуір қиындық туғызып отыр. Табиғи су көздерінің азаюына байланысты су тапшылығы мәселесі өзекті бола түсті. Атап айтқанда, ауданның диқандары бұрыннан пайдаланып жүрген негізгі су көздерінің бірі Ақсу өзенінен келетін табиғи су көлемі соңғы бес жылда шамамен 40 пайызға төмендеп кеткен. Бұл жағдай әсіресе жаз мезгілінде ағын суға деген сұраныстың артуына әсер етіп, суармалы егістік алқаптарына суды кезекпен беру қажеттілігін туындатты. Салдарнан шаруалар үшін өнімді уақытылы суару мәселесі күрделеніп, егін өнімділігіне айтарлықтай кері әсерін тигізген.

Осыған орай Мемлекет басшысының су ресурстарын ұтымды пайдалану және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Сайрам ауданында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл аудан көлемінде 1107 гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Оның ішінде 636 гектар алқапқа тамшылатып суару, ал 312 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясын енгізу көзделіп отыр.Айта кету керек Түркістан облысында шілде айы әдеттегіден ерекше ыстық болады. Осы тұста егін алқабы суды бұрынғыдан көп қажет етеді.

Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Осы тұста Ақбұлақ ауылдық округіндегі «Ат баптау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 92,5 гектар егістік алқабына тамшылатып суару жүйесін енгізу мақсатында «Жәрдем АС» микроқаржы ұйымымен келісімшарт жасасып, қажетті құрал-жабдықтарды орнату жұмыстарын жүргізуде. Осындай жобалар алдағы уақытта ауданның басқа да ауылдық округтерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Су үнемдеу технологияларының артықшылықтары өте көп. Ең алдымен, ағын су тікелей өсімдік тамырына қажетті мөлшерде жеткізіліп, судың ысырап болуы айтарлықтай азаяды. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, өсімдіктің сапалы өсуіне жағдай жасайды. Суару жұмыстарының автоматтандырылуы еңбек шығынын азайтады, диқанның уақытын үнемдейді. Ең бастысы – бір алқаптан жылына екі-үш рет өнім алуға мүмкіндік туып, шаруалардың табысын бұрынғыдан  арттыра түседі. Бұдан бөлек, топырақтың құнарлылығы сақталып, эрозия мен тұздану қаупі төмендейді. Осылайша алқап сізге ұзақ жылдар бойына қызмет ететін болады.

Қазір мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізетін шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелер беріледі. Сонымен қатар, су үнемдеу жүйелерін орнатуға жұмсалған шығындардың 80 пайызына дейін мемлекеттік субсидия қарастырылған. Бұл қолдау шаралары шаруалардың заманауи технологияларды енгізуге деген қызығушылығын арттырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін көтеруге мүмкіндік беруде.

Алдағы уақытта Сайрам ауданында су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы кеңейтіліп, су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы жұмыстар жалғасады. Осы ретте ауданның барлық агроқұрылымдарын мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, уақыт талабына сай озық технологияларды енгізу қажет. Бұл Мемлекет басшысы белгілеген су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттердің орындалуына өз үлесін қосады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close