САУРАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ЖЕДЕЛДЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫС КЕҢЕСІ ӨТТІ
Сауран ауданында инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында «Инвест керуен» жобасы аясында кәсіпкерлермен жұмыс кеңесі өтті.

Маңызды басқосуға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, мемлекеттік мекемелердің басшылары, кәсіпкерлер, инвесторлар және сала мамандары қатысты.
Кеңестің басты мақсаты – аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысын саралау, кәсіпкерлер мен инвесторлардың алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылау, мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру және инвестициялық қызметке кедергі келтіретін факторларды анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыру болды. Сонымен қатар инвесторлардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелері де кеңінен сөз болды.
Жиын барысында Сауран ауданының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйі туралы жан-жақты баяндама жасады. Ол өз сөзінде ауданның өндірістік әлеуетін арттыру бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталып, ауылдық округтерде жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу деңгейін таныстырды.
Баяндамада өндіріс алаңдарының жұмысын жандандыру, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа кәсіпорындарды іске қосу, өңдеу өнеркәсібін кеңейту және инвестициялық жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы жөнінде нақты мәліметтер айтылды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, өндірістік қуаттарды ұлғайту және аудан экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін жобалардың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Кеңес барысында инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде кездесетін түйткілді мәселелер де ашық талқыланды. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылым жүргізу, жер қатынастары, рұқсат беру рәсімдері, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы және кәсіпкерлердің өзге де ұсыныстары күн тәртібінен тыс қалмады. Мемлекеттік органдардың өкілдері көтерілген әрбір мәселеге қатысты түсіндірме беріп, оларды шешудің нақты тетіктерін ұсынды.
Жиында сөз алған аудан прокуроры Алмаз Асылбеков инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында заң талаптарының қатаң сақталуының маңыздылығына тоқталды. Ол кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бизнеске негізсіз әкімшілік кедергілердің туындауына жол бермеу, инвесторлардың заңмен қорғалған құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара тиімді әріптестік өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартудың маңызды алғышарты екеніне назар аударды.
Кеңес аясында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде кездесетін қиындықтар жөнінде пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде жауапты сала басшылары көтерілген мәселелердің әрқайсысы заң аясында қаралатынын айтып, оларды шешу бойынша нақты жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Мұндай ашық форматтағы кездесулер мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескеруге және олардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан көтерілген ұсыныстар мен бастамалар қорытындыланып, оларды іске асыру бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
«Инвест керуен» жобасы аясында ұйымдастырылған мұндай жұмыс кеңестері мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы тиімді диалог алаңына айналып келеді. Бұл өз кезегінде Сауран ауданында инвестициялық белсенділікті арттыруға, жаңа өндіріс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына және аудан экономикасының тұрақты өсіміне оң ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі саналады.



