Без рубрики

8 ЖЫЛДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ КӨЛЕМІ 3 ЕСЕГЕ ӨСІП, 5 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 8 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде өңірде ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім қалыптасты.

Мемлекет басшысының қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның қабылдануы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік жасады.

Соңғы сегіз жылда Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі үш есеге өсіп, 5 триллион теңгеге жетті. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 1,7 триллион теңгені құраған болатын. Бұл – өңір экономикасының қарқынды дамып, инвестициялық белсенділіктің арта түскенінің нақты дәлелі.

Экономиканың жетекші салаларының бірі саналатын өнеркәсіп саласында да айтарлықтай өсім байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 триллион 596,1 миллиард теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге артты. Егер 2018 жылы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 438,6 миллиард теңгені құраса, бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге ұлғайып отыр.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту және өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында 2026 жылы жалпы құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 703 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде биылғы жылдың алғашқы алты айында жалпы құны 11,2 миллиард теңгені құрайтын төрт инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 278 жаңа жұмыс орны құрылды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауымен өңір экономикасын әртараптандыру, өндіріс орындарын көбейту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл ретте өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға және индустриялық әлеуетті арттыруға басымдық берілуде.

Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 1 931 гектарды құрайтын 21 индустриялық аймақ құрылған. Аталған индустриялық аймақтарда жалпы құны 60,8 миллиард теңгені құрайтын 55 инвестициялық жоба іске асырылып, соның нәтижесінде 3 073 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар алдағы кезеңде жалпы құны 96,4 миллиард теңгені құрайтын тағы 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық іске қосылған жағдайда қосымша 2 791 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Индустриялық аймақтарға жаңа өндірістерді орналастыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Биыл Өңірлік үйлестіру кеңесі жалпы құны 21,1 миллиард теңгені құрайтын және 519 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жаңа инвестициялық жобаға оң қорытынды берді. Бұл өз кезегінде өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.

Облыс аумағында жалпы көлемі 3 603,3 гектарды құрайтын, 10 субзонадан тұратын арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Оның 1 450 гектары өндірістік аймақ ретінде белгіленген. Қазіргі уақытта «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субзоналарында жалпы құны 875,3 миллиард теңгені құрайтын 37 өнеркәсіптік жоба қатысушы ретінде тіркелген. Өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта өндірістік инфрақұрылым құрылысы аяқталып, жалпы инвестиция көлемі 136,3 миллиард теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close