ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГИМНАСТИКА ҰЙЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық гимнастика федерациясы президенті Моринари Ватанабэ мен Азия гимнастикалық одағы президенті Абдулрахман Әл-Шатримен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстанда гимнастика спортын дамыту, оны балалар мен жастар арасында кеңінен насихаттау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Президент халықаралық ұйымдардың Қазақстан гимнастика федерациясына көрсетіп отырған қолдауына жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде гимнастикаға қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде ұлттық құрама дайындалатын және халықаралық жарыстар өтетін үш мамандандырылған кешен жұмыс істейді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі әрі бірегей Гимнастика орталығының құрылысы басталған.
Президент Қазақстанның халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыруда мол тәжірибе жинағанын айтып, спорт саласын дамыту мен ірі жарыстарды өткізу бағытындағы бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Әл-Шатри Қазақстанда кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға көрсетіліп отырған қолдауды жоғары бағалап, қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктеріне тоқталды.



