КЕНТАУДА ПЛАСТИК ҚАЛДЫҚТАР ӨҢДЕЛІП, ЭКОЛОГИЯҒА ЖАНАШЫР ӨНДІРІС ДАМЫП КЕЛЕДІ
Қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару және қайта өңдеу саласын дамыту – қазіргі таңда еліміз үшін маңызды бағыттардың бірі.

Осы мақсатта Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін заманауи зауыттар салу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында атқарылуда. Негізгі мақсат – қоршаған ортаға түсетін экологиялық салмақты азайту, қалдықтарды қайта пайдалану мәдениетін қалыптастыру және жаңа өндіріс орындарын ашу.
Бүгінде Түркістан облысында қалдықтарды жинау және тасымалдаумен айналысатын 36 мекеме жұмыс істейді. Сонымен қатар, 15 кәсіпорын қоқысты сұрыптау бағытында қызмет көрсетсе, 5 кәсіпорын қайта өңдеу жұмыстарын жүзеге асыруда. Бұл көрсеткіштер өңірде экологиялық бағыттағы кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын көрсетеді.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Іс-шара барысында журналистер Кентау қаласындағы қайта өңдеу саласында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың қызметімен танысты.
Пресс-тур аясында «Қаратау Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік жұмысымен танысуға мүмкіндік туды. Кәсіпорын 2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Компанияның негізгі бағыты – пластик қалдықтарды жинау, сұрыптау, қайта өңдеу және оларды өндірістік шикізатқа айналдыру.
Кәсіпорын басшысы, кәсіпкер Ұлықбек Рахымжанұлының айтуынша, зауыттың басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу және пластикалық қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы экономикалық пайдаға қол жеткізу. Өндіріс барысында тұрмыстық пластик қалдықтар, оның ішінде пластикалық бөтелкелер арнайы технология арқылы өңделіп, қайта пайдалануға жарамды шикізатқа айналады.
Пластик қалдықтарды қайта өңдеу – экологиялық мәселелерді шешудің тиімді жолдарының бірі. Себебі пластикалық өнімдер табиғатта ұзақ уақыт бойы шірімей, қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін. Ал оларды қайта өңдеу арқылы табиғи ресурстарды үнемдеуге, қалдық көлемін азайтуға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік туады.
«Қаратау Полимер» ЖШС жүзеге асырып отырған жоба жеке кәсіпкердің қолдауымен іске асырылған. Жобаның жалпы құны 100 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы 1 500 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда зауытта 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорын өндірген өнімдер тек ішкі нарыққа ғана емес, шетелге де шығарылып келеді. Атап айтқанда, компания өнімдері Ресей Федерациясына экспортталады. Бұл отандық қайта өңдеу саласының әлеуетін көрсетіп қана қоймай, өңір кәсіпорындарының халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігінің артып келе жатқанын аңғартады.
Зауытта қалдықтарды өңдеу бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Алдымен пластик қалдықтар сұрыпталып, тазаланады. Кейін арнайы технологиялық желілер арқылы өңделіп, қайта пайдалануға болатын шикізат түріне келтіріледі. Бұл өндіріс процесі заманауи талаптарға сай ұйымдастырылып, қоршаған ортаға зиянды әсерді барынша азайтуға бағытталған.



