ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА: 2025 ЖЫЛЫ БЮДЖЕТКЕ 730 МЛРД ТЕҢГЕ САЛЫҚ ТОЛЫҚ ТҮСПЕГЕН
Жоғары аудиторлық палата 2025 жылғы республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына жүргізген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялады.

Тексеру нәтижесінде бюджетке түсетін салықтық түсімдер жоспары толық орындалмай, қазынаға 730 млрд теңге көлемінде қаражат түспегені белгілі болды.
Мемлекеттік аудиторлардың мәліметінше, бұл жоспарланған салық түсімдерінің шамамен 4,8 пайызына тең. Аудит қорытындысында мұндай жағдайдың негізгі себептерінің бірі ретінде салықтық түсімдер болжамының шамадан тыс жоғары жоспарланғаны көрсетілген. Атап айтқанда, салық бойынша болжам нақты мүмкіндіктен 1,3 трлн теңгеге артық есептелген.
Тексеру барысында кедендік бақылау саласында да бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Аудиторлар электр көліктеріне ғана қарастырылған кедендік жеңілдіктердің кейбір жағдайда гибридті автокөліктерді импорттау кезінде де заңсыз қолданылғанын анықтаған. Соның салдарынан тек белгілі болған фактілердің өзінен мемлекет бюджетіне шамамен 70 млн теңге көлемінде қаражат түспеген.
Бұдан бөлек, сыртқы экономикалық қызметке қатысатын 34 компания импорт кезінде есепке жатқызу әдісі арқылы қосылған құн салығын (ҚҚС) заңсыз төлегені белгілі болды. Осы заңсыз әрекеттердің салдарынан импортқа салынатын ҚҚС бойынша бюджетке 670 млн теңгеден астам қаржы түспеген.
Жалпы аудит нәтижесінде 2,7 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар мемлекеттік аудиторлар 33 рәсімдік бұзушылық пен бюджет кірістерін жоспарлау және әкімшілендіру жүйесіне қатысты 11 жүйелі кемшілікті тіркеген.
Жоғары аудиторлық палата анықталған заң бұзушылықтар мен жүйелі мәселелерді жою мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар жолдады. Аудиторлардың пікірінше, бұл шаралар бюджет кірістерін жоспарлау сапасын арттыруға, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттік қаржының тиімді басқарылуын қамтамасыз етуге бағытталған.



