ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістан қаласы бүгінде Қазақстандағы туризмнің негізгі орталықтарының біріне айналып келеді.

Соңғы жылдары шаһарда тарихи-мәдени мұраны сақтау мен туристік инфрақұрылымды дамыту қатар жүргізіліп, жаңа қоғамдық кеңістіктер, қонақүйлер, сервистік нысандар және демалыс орындары пайдалануға берілуде. Сонымен бірге туристерге ұсынылатын бағыттардың санын көбейтуге, туризмнің жаңа түрлерін дамытуға және халықаралық іс-шараларды тұрақты өткізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстар қаланың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестициялық тартымдылықтың күшеюіне ықпал етуде. Қазіргі таңда Түркістан тек зиярат туризмінің орталығы ғана емес, мәдени, танымдық, экологиялық және белсенді демалыс туризмін қатар дамытып келе жатқан заманауи қала ретінде қалыптасып келеді. Сондықтан халықаралық деңгейдегі фестивальдер мен спорттық жарыстарды өткізу өңірдің ғана емес, ең алдымен Түркістан қаласының туристік брендіне оң әсер ететін маңызды құралдардың біріне айналып отыр.
Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде Түркістан облысында алғаш рет «AUYL INVEST FEST. Балық аулау – 2026» халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балық шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өткен шара Түркістан облысы әкімдігі мен «Ауыл» партиясының бастамасымен өткізілді. Фестивальдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, спорттық балық аулауды дамыту, халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныту. Мұндай ауқымды жобалардың өткізілуі Түркістан қаласының туристік индустриясына да оң ықпал етеді. Себебі халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шараларға келген қонақтардың басым бөлігі сапарын облыс орталығы – Түркістан қаласынан бастап, қаланың тарихи-мәдени нысандарын аралайды. Бұл қонақүйлердің, қоғамдық тамақтану орындарының, көлік қызметінің және сервистік кәсіпорындардың жұмысына қосымша серпін береді.
Фестивальдің ашылу салтанатына «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов, «Ауыл» партиясының облыстық филиалының төрағасы Төрегелді Қалмұратов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әжіметов және сала мамандары қатысты. Олар өз сөздерінде мұндай халықаралық іс-шаралардың табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырумен қатар, инвестиция тартуға, ауыл шаруашылығының жаңа бағыттарын дамытуға және туризмнің әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар фестиваль аясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамалар жүзеге асырылды. Экологиялық жауапкершілік пен туризмді ұштастыратын мұндай жобалар қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып келеді. Түркістан да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде қолға алып, тұрақты туризм қағидаларын дамытуға басымдық беруде.
«Rauan Ranch» демалыс аймағында өткен халықаралық жарысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен және алыс-жақын шетелдерден келген он команда қатысты. Қатысушылар қалқымалы қармақпен балық аулау, жағадан спиннингпен балық аулау және фидерлік спорттық балық аулау бойынша өзара бақ сынады. Мұндай жарыстар спорттық бәсекемен ғана шектелмей, туристік әлеуетті насихаттайтын маңызды алаңға айналады. Себебі фестивальге қатысушылар мен олардың жанкүйерлері өңірдің табиғи ерекшеліктерімен, демалыс орындарымен және туристік мүмкіндіктерімен жақынырақ танысады. Бұл өз кезегінде ішкі және халықаралық туризмнің дамуына, қызмет көрсету саласының кеңеюіне және өңірдің оң имиджінің қалыптасуына ықпал етеді. Түркістан қаласы да осындай ірі халықаралық іс-шаралардың негізгі туристік қақпасы ретінде қонақтарды қабылдап, мәдени және тарихи нысандарымен таныстыру арқылы туризм индустриясының одан әрі дамуына үлес қосып келеді.
Фестиваль барысында спорттық жарыстар бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің шеберліктері мен тәжірибесін ортаға салды. Қалқымалы қармақпен балық аулау, жағадан спиннингпен балық аулау және фидерлік спорттық балық аулау бойынша өткен тартысты бәсекелер халықаралық деңгейдегі спортшылардың басын қосты. Жарыс қорытындысында қармақпен балық аулау бойынша бірінші орынды Шымкент қаласының командасы иеленсе, екінші орын Қырғызстан Республикасының өкілдеріне, үшінші орын Түркістан облысының командасына бұйырды. Спиннинг сайысында Қызылорда облысының командасы жеңімпаз атанса, Жамбыл облысы екінші, Қырғызстан Республикасы үшінші орынға ие болды. Ал фидерлік спорттық балық аулау жарысында Қырғызстан Республикасының командасы топ жарып, Шымкент қаласы екінші, Қызылорда облысы үшінші орынға тұрақтады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржалай сыйлықтармен марапатталды. Мұндай халықаралық жарыстар кәсіби спортшылардың тәжірибе алмасуына ғана емес, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да мүмкіндік береді.
Жарыс аясында жеке қатысушылар арасында да арнайы номинациялар белгіленді. Ұйымдастырушылар «Ең үлкен балық ұстаушы», «Ең кішкентай балық ұстаушы» және «Ең көп балық ұстаушы» аталымдары бойынша үздіктерді анықтап, бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыстады. Бас төрешінің мәліметінше, жарыста ауланған ең ірі балықтың салмағы 3,2 келі болса, ең кішкентай балықтың салмағы 50–70 грамм аралығында болған. Мұндай арнайы аталымдар фестивальдің қызығушылығын арттырып, қатысушылардың белсенділігін күшейтті. Сонымен қатар көрермендер үшін де тартысты сәттер сыйлап, шараның танымалдылығын арттыруға ықпал етті. Осындай мазмұнды бағдарламалар халықаралық фестивальдердің туристік тартымдылығын күшейтіп, келушілердің санын көбейтуге мүмкіндік береді.
Фестиваль барысында өңірдегі балық шаруашылығы саласының бүгінгі даму көрсеткіштері де таныстырылды. Қазіргі уақытта Түркістан облысында 184 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Сонымен қатар облыс аумағында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген болса, оның 74-інде балық шаруашылығы тұрақты жүргізілуде. Бұл көрсеткіштер акваөсіру саласының өңір экономикасындағы маңызы жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай салалардың дамуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласы осы бағыттағы инвестициялық жобалардың әкімшілік, логистикалық және іскерлік орталығы ретінде маңызды рөл атқарып келеді. Қалада өтетін халықаралық форумдар, көрмелер мен фестивальдер инвесторлардың қызығушылығын арттырып, өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруға жағдай жасайды.
Бүгінде туризм мен агроөнеркәсіп салаларын ұштастыратын мұндай жобалар әлемде кең таралған тәжірибеге айналған. Табиғи демалыс орындары, экологиялық туризм және спорттық жарыстар бір-бірін толықтыра отырып, өңірдің туристік өнімін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыт Түркістан қаласының туристік әлеуетіне де қосымша серпін береді. Өйткені халықаралық жарыстар мен фестивальдерге келген қонақтар өңірдің табиғи орындарымен қатар Түркістан қаласының тарихи ескерткіштерін, мәдени орталықтарын және жаңа туристік нысандарын аралайды. Соның нәтижесінде қонақүйлер, қоғамдық тамақтану орындары, көлік қызметтері, сауда және сервистік кәсіпорындардың жұмысы жанданып, қала экономикасына қосымша кіріс түседі. Сондықтан мұндай халықаралық іс-шаралар тек спорттық немесе мәдени оқиға ғана емес, туризмді дамыту мен экономикалық белсенділікті арттырудың тиімді құралдарының бірі болып саналады.
Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту соңғы жылдары агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде өңірде жылына 12 мың тоннаға дейін балық өнімін өндіруге қауқарлы төрт ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар облыс жасанды жолмен балық өсіру көлемі бойынша республикада көш бастап келеді. Өткен жылы жоспарланған 7 467 тонна балық өсіру көрсеткіші толық орындалған. Бұл нәтижелер саладағы мемлекеттік қолдау шараларының, жеке инвестициялардың және кәсіпкерлердің белсенді жұмысының тиімділігін көрсетеді. Акваөсіру бағытында іске асырылып жатқан жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беруде. Саланы дамыту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен субсидиялар бөлініп, инвесторларға қолдау көрсету тетіктері кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы өңір экономикасының әртараптануына және ауыл шаруашылығының жаңа бағыттарын дамытуға негіз қалыптастыруда.
Қазіргі таңда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отыр. Балық шаруашылығы саласына отандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы өндірісті кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және өнімнің өзіндік құнын төмендету көзделген. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге, экспорт көлемін ұлғайтуға және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осындай өндірістік жобалардың табысты іске асуы Түркістан қаласының экономикасына да жанама әсер етеді. Өйткені қала инвесторлармен келіссөздер жүргізілетін, көрмелер мен форумдар ұйымдастырылатын, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өзара байланысы қалыптасқан негізгі іскерлік орталық саналады. Сонымен қатар өндірілген өнімнің логистикасы, саудасы, маркетингі және сервистік қызметтері де қаладағы кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына қосымша серпін береді. Яғни аграрлық сектордағы оң өзгерістер қала экономикасының да дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың біріне айналып отыр.
Халықаралық деңгейдегі «AUYL INVEST FEST. Балық аулау – 2026» фестивалі дәл осы мүмкіндіктерді кеңінен таныстыруға арналған тиімді алаң болды. Шара барысында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, инвестиция тарту және туризмді дамыту мәселелері өзара сабақтастықта қарастырылды. Мұндай іс-шаралар өңірдің табиғи әлеуетін көрсетіп қана қоймай, халықаралық серіктестердің қызығушылығын арттыруға, тәжірибе алмасуға және жаңа жобалардың басталуына жол ашады. Сонымен бірге фестивальдің халықаралық форматта өтуі Түркістанның туристік имиджін нығайтып, өңірге келетін қонақтар санының артуына ықпал етеді. Бұл үрдістен Түркістан қаласы да ұтады. Себебі облысқа келген туристердің басым бөлігі өз сапарын дәл осы қаладан бастап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Керуен сарай, Қолөнершілер қалашығы, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен басқа да туристік нысандарды аралайды. Нәтижесінде қонақүйлер, мейрамханалар, көлік қызметтері, экскурсиялық компаниялар және сауда орындарының жұмысы жанданып, қала экономикасының белсенділігі арта түседі. Жалпы мұндай халықаралық фестивальдердің тұрақты өткізілуі Түркістанның туристік өнімін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін қала көбіне тарихи-рухани және зиярат туризмімен танылса, бүгінде экологиялық, спорттық, гастрономиялық, мәдени және оқиғалық туризм бағыттары да қарқынды дамып келеді.



