АҚШ ПЕН САУД АРАБИЯСЫ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ БОЙЫНША 30 ЖЫЛДЫҚ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ
АҚШ пен Сауд Арабиясы атом энергетикасы саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатқа Вашингтонда өткен рәсімде екі елдің энергетика министрлері қол қойғанын АҚШ Энергетика министрлігі хабарлады.

Келісімге сәйкес, америкалық компаниялар Сауд Арабиясының азаматтық атом энергетикасы бағдарламасын дамытуға қатысу мүмкіндігіне ие болады. АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл ынтымақтастық америкалық өнеркәсіптің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және жеткізу тізбегінің нығаюына оң әсер етеді. Сонымен қатар құжат Сауд Арабиясының энергияға деген өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Тараптар сондай-ақ ядролық қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты екіжақты келісімге де қол қойды. АҚШ-тың Энергетика министрі Крис Райттың айтуынша, қабылданған келісімдер ядролық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпау саласындағы ең жоғары халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді.
Енді келісім АҚШ Конгресінің қарауына жіберіледі. Алайда Reuters агенттігінің мәліметінше, Конгрестің құжатты мақұлдамауы да мүмкін. Бұған Таяу Шығыстағы саяси ахуалдың тұрақсыздығы және өңір елдеріне ядролық технологияларды беруге қатысты алаңдаушылық себеп болып отыр. Әсіресе АҚШ пен Израильдің Иранға қатысты әскери іс-қимылдары жалғасып жатқан кезеңде бұл мәселе ерекше назарға алынған.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы келісімнің жалпы құны бірнеше миллиард долларға бағаланатынын хабарлаған болатын. Ал келісімнің мерзімі 30 жылға есептелген.



