ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨШІ-ҚОН ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАН 12 ШЕТЕЛДІК ҰСТАЛДЫ
Түркістан облысында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, шетелдік жұмыс күшін тарту саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алу және заңсыз жер қойнауын пайдалануға қарсы іс-қимыл бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Мәселен, Түлкібас ауданы аумағында көші-қон заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Тексеру барысында 12 шетел азаматының экскаватор мен жүк көлігін пайдалана отырып, заңсыз жер қойнауын пайдалануға байланысты жұмыстар жүргізгені белгілі болды.
Құқық бұзушылыққа жол бергендердің барлығына қатысты көші-қон заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік материалдар жинақталып, тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзғаны және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін қабылдаушы тарапқа да әкімшілік шара қолданылды.
Тәртіп сақшыларының дер кезінде араласуының нәтижесінде шетел азаматтарының заңсыз еңбек қызметінің жолы кесіліп, заңсыз жер қойнауын пайдалану кезінде көші-қон заңнамасының одан әрі бұзылуына жол берілмеді.
Полиция бұл бағыттағы құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.



