Без рубрики
ӨЛІМГЕ ӘКЕЛГЕН ОҚИҒАДАН КЕЙІН КӨЛІК ИЕСІ РАҚЫМШЫЛЫҚҚА ІЛІНДІ
Көкшетауда көлік басқару құқығы жоқ жұбайына рөлді сеніп тапсырған автокөлік иесіне қатысты қылмыстық іс рақымшылық жасау актісінің негізінде тоқтатылды. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаменті хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін тұрғын үй ауласында көлік тізгініне отырған әйел жаяу жүргіншіні қағып, салдарынан адам қаза тапқан болатын.
Оқиғадан кейін автокөлік иесіне қатысты іс жеке өндіріске бөлініп, оған Қылмыстық кодекстің 349-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни көлік басқару құқығы жоқ адамның көлік тізгіндеуіне жол беру салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет бойынша тергеу жүргізілген.
Тергеу қорытындысы бойынша полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, рақымшылық жасау актісін қолдану негізінде қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Айта кетейік, рақымшылық қолданылмаған жағдайда автокөлік иесіне үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін еді.



