Қоғам

БАЙҒА – БИЗНЕС, ХАЛЫҚҚА – СУ КЕРЕК

«Қалтам қалың» деген халықты ауыз судан айырды ма? Хантағы ауылының тұрғындары кімнен араша сұрайды?

«Қалтам қалың деп, бізді ауыз судан айырды». Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Хантағы ауылының тұрғындары дәл осылай деп ашынып отыр. Олардың айтуынша, Хан Тау демалыс орны салынып, жұмысын бастағалы ауылдағы ауыз су мәселесі ушығып кеткен. Бұрын үзілмейтін су қазір тапшы. Ал тұрғындардың жанайқайын еститін жан жоқ.

Ауыл халқы мәселені шешу үшін әкімдік пен құзырлы мекемелердің табалдырығын талай тоздырған. Бірақ нәтиже болмаған. Тұрғындардың сөзінше, жауапты органдар мәселені бір-біріне сілтеп, нақты шешім қабылдаудан қашады.

Жергілікті халықтың айтуынша, демалыс орнының құрылысына басынан-ақ қарсылық білдірген. Осы мәселеге байланысты әкімдік, депутаттар және кәсіпкердің қатысуымен бес рет кездесу өткен. Сонда кәсіпкер тарапы «су арналарына қол сұқпаймыз, тұрғындарға ешқандай кедергі келтірмейміз» деп уәде берген екен.

Алайда ауыл тұрғындары бүгін сол уәденің орындалмағанын айтады. Айтуларынша, салдарынан ең үлкен зардапты қарапайым халық тартып отыр.

Тұрғындардың өтінішімен біз де Хан Тау демалыс аймағына барып, жағдайды көзбен көруге тырыстық. Сол жерде халықтың үстінен арызданып жүрген БНК басшысын кездестірдік. Сұрақтарымызға нақты жауап берудің орнына, ол әңгімені қарсы сұраққа ұластырып, тұрғындармен ұзақ сөз таластырды.

Кездесу барысында тағы бір қайшылық байқалды. Сырдария–Арал бассейндік су инспекциясының жауапты маманы айтқан мәлімет пен кәсіпкердің уәжі бір-біріне сәйкес келмеді. Екі тарап бір мәселені екі түрлі түсіндірді.

Кәсіпкер өз әрекетінің заң аясында екенін айтып, барлық айыптауды жоққа шығарды. Ал тұрғындар мен жауапты мамандардың айтқандары негізсіз деп есептейтінін жеткізді.

Осы уақытта Хан Тау демалыс орнының ресми ашылатыны белгілі болды. Бұл жағдай жаңа сұрақтарды туындатады. Бұған дейін Сырдария–Арал бассейндік су инспекциясы «біздің рұқсатымызсыз бұл нысанда ешқандай жұмыс жүргізілмейді» деген еді.

Ендеше, бүгінгі жағдай қалай түсіндіріледі? Егер тұрғындардың шағымы әлі толық шешілмесе, демалыс орнының жұмысы жалғаса бере ме? Әлде құзырлы органдар нақты шешім қабылдай ма?

Бұл сұрақтардың жауабын жауапты мекемелер беруі тиіс. Ал әзірге Хантағы ауылының тұрғындары ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмейінше, жанайқайымызды еститін адам табылар деген үміттен айырылмағандарын айтады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close