Без рубрики
КАСПИЙ ТҮБІМЕН ӨТЕТІН ТАЛШЫҚТЫ-ОПТИКАЛЫҚ ЖЕЛІНІҢ НЕГІЗГІ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ
Қазақстанда Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салудың негізгі кезеңі сәтті аяқталды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.


Жоба аясында суасты талшықты-оптикалық кабелі Қазақстан жағалауына жеткізіліп, құрылыстың ең күрделі кезеңі толық аяқталды. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыс халықаралық цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы маңызды белес саналады.
Жаңа байланыс желісі Ақтау мен Әзербайжанның Сумгайыт қаласы арасын жалғайды. Жоба іске қосылғаннан кейін Қазақстан мен Әзербайжанның цифрлық инфрақұрылымы өзара байланысып, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді жоғары жылдамдықпен тікелей тасымалдайтын жаңа дәліз қалыптасады.
Сонымен қатар жаңа маршрут халықаралық байланыс арналарының сенімділігін арттырып, өңірдегі деректерді жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның транзиттік әлеуетін күшейтіп, елдің цифрлық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді.
Мамандардың пікірінше, жоба өңірдегі телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға, халықаралық интернет трафигінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және цифрлық экономиканың одан әрі дамуына серпін береді.