ҚАЗАҚСТАНДА АЛҒАШ РЕТ УЕФА СУПЕРКУБОГЫ ӨТЕДІ
Қазақстан футбол тарихында маңызды оқиға болмақ. 2028 жылы УЕФА Суперкубогы үшін матч алғаш рет елімізде өткізіледі. УЕФА Атқарушы комитеті шешімімен беделді футбол додасының кездесуі Астанадағы «Астана Арена» стадионында ұйымдастырылады.

Осылайша Қазақстан алғаш рет еуропалық клубтық футбол маусымын ашатын маңызды матчтардың бірін қабылдайды. Бұл елдегі футбол инфрақұрылымының халықаралық деңгейдегі талаптарға сай екенін көрсететін айтулы шешімдердің бірі болмақ.
2028 жылғы УЕФА Суперкубогында 2027/28 жылғы маусымның Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында жеңіске жеткен клубтар кездеседі. Екі команда маусымның алғашқы маңызды трофейлерінің бірі саналатын Суперкубок үшін таласады.
Матчты «Астана Аренада» өткізу Қазақстанның халықаралық футбол кеңістігіндегі беделін арттырып, елге әлемнің үздік клубтары мен футбол жанкүйерлерін тартуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта кездесудің нақты өтетін күні, қатысатын командалар және билет сату тәртібі жөніндегі ақпарат УЕФА тарапынан қосымша жарияланады.



