ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ АЗАТ ҰРПАҚТАРЫ МОЛ САБАҚ АЛУЫ ТИІС
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ халқының басынан бағы тайған сан қилы тарихын, ұлт болашағының жарқын болуы, тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында отқа да, суға да түсіп жүріп қызмет еткен кездерін, басқа түскен барлық қиыншылықты мойымай көтерген күндерін, тағылымы мол тарихи істерін «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында жариялап отыр. Бұл – мақала Тәуелсіз елдің азат ұрпақтары мол сабақ алатын материал.
Кез келген елдің тарихында тәуелсіздік оңай келе қойған жоқ. Тәуелсіздік үлкен күреспен, қанмен келеді. «Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан», дейді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында.
Н.Назарбаев ел тізгінін қолына алмағайып, аумалы-төкпелі, қиын кезеңде алды. Ел бірлігін егемендігіміздің туы етіп көтерді. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты.
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Заман, қоғам өзгерді, адам өзгерді, ой-сана өзгерді; мемлекеттігіміз қалыптасты, экономикамыз нығайды, демократия орнықты, бізді әлем таныды.