БИШІМБАЕВТАР ӘУЛЕТІ ЭКС-КЕЛІНІНЕН 25 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ӨНДІРІП АЛМАҚ
Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова бұрынғы келіні Назым Қаһарманның үстінен сотқа талап-арыз түсіріп, 25 миллион теңге өндіруді талап етті.

Назым Қаһарманның айтуынша, дау өзі 2011 жылдан бері басқарған фитнес-клубқа қатысты туындаған. Оның сөзінше, кезінде бұрынғы енесімен сенімгерлік басқару туралы келісім жасалған.
Қазіргі таңда талапкер сол келісімге сүйене отырып, фитнес-клуб қызметінен түскен табысты өндіріп алуға әрекет жасап жатқанын айтты.
Назым Қаһарман бұл өзіне қарсы соңғы екі жыл ішінде берілген төртінші талап-арыз екенін мәлімдеді.
«Бұл – соңғы екі жылда маған қарсы берілген төртінші талап-арыз. Мұны балаларымның әке жағындағы туыстарымен араласуына қатысты жасалып отырған қысым деп ойлаймын», – деді ол.
Сонымен қатар ол сенімгерлік басқару туралы келісімдерге қол қою кезінде азаматтарды барынша мұқият болуға шақырды. Оның пікірінше, туындаған даудың негізгі себебі – бұрынғы енесінің өзіне деген жеке реніші.
Әзірге Альмира Нұрлыбекова тарапынан аталған талап-арызға қатысты жария түрде түсініктеме берілген жоқ. Іс сотта қаралады, ал тараптардың уәждеріне құқықтық бағаны сот береді.



