Без рубрики

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ КРЕАТОРЛАРЫ 4,4 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ӨНІМ САТТЫ

Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Креативті индустрияларды дамыту қоры жүзеге асырып жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Қостанай облысының креативті жәрмеңкесі өз мәресіне жетті.

Іс-шара барысында Қостанай өңірінің тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық қолөнер туындылары, жергілікті авторлардың брендтері мен креативті индустрия өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Жәрмеңке өңірдің мәдени әлеуетін ғана емес, шығармашылық кәсіпкерліктің мүмкіндіктерін де таныстырған алаңға айналды.

Бағдарлама аясында «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, айтыскер ақын Айбек Қалиевпен кездесу ұйымдастырылды. Келушілер ақынның жеке домбырасын, ұлттық музыкалық аспаптарды және Қостанай өңірінен шыққан тарихи тұлғаларға арналған арнайы көрмені тамашалады.

Сонымен қатар қостанайлық дизайнерлердің этностильдегі киім топтамалары көрсетіліп, Нью-Йорктегі MobFilm Festival халықаралық кинофестивалінің финалисі атанған «Қалам» мобильді фильмі таныстырылды. Қонақтар өңір жастары әзірлеген заманауи техникалық жобалармен және Қазақстандағы алғашқы студенттік болидпен де танысуға мүмкіндік алды.

Жәрмеңкенің мәдени бағдарламасы аясында еліміздегі алғашқы фольклорлық-этнографиялық ұжымдардың бірі – «Шертер» ансамблі өнер көрсетіп, халық күйлері мен әндерін орындады.

Екі күнге созылған іс-шараға 1320 адам қатысып, жәрмеңке барысында креаторлардың авторлық өнімдері 4 миллион 414 мың теңгеге сатылды. Бұл көрсеткіш өңірдегі креативті индустрияның экономикалық әлеуеті артып келе жатқанын аңғартады.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close