Без рубрики

ТАЛАПТЫ АУЫЛЫ – ІШІМДІКСІЗ ӨМІРДІ ТАҢДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыруды, құқық бұзушылықтың алдын алуды және азаматтардың жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Бұл бағытта тек мемлекеттік органдар ғана емес, тұрғындардың өз бастамасымен жүзеге асып жатқан игі істердің де маңызы зор. Осындай үлгілі шаралардың бірі Отырар ауданындағы Талапты ауылында өтті.

Жуырда Талапты ауылында тұрғындардың бастамасымен маңызды жиын ұйымдастырылып, ауыл халқы бір ауыздан ішімдіксіз өмір салтын қолдайтындықтарын білдірді. Басқосу барысында ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерінен бас тартып, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған ортақ шешім қабылдады. Бұл бастама – ауылдағы тыныштық пен берекені сақтауға, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.

Жиынға ауылдың ақсақалдары, ардагерлері, белсенді жастары, кәсіпкерлері және тұрғындар қатысты. Сонымен қатар шараға Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркебұлан Жаймырзаев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Берік Нышанбаев, аудан прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов арнайы қатысып, тұрғындармен пікір алмасты.

Шараның ашылуында аудандық мәдениет саласының қызметкерлері арнайы сахналық қойылым қойды. Қойылымда ішімдіктің адам өміріне, отбасының берекесіне және қоғамның тыныштығына тигізетін кері әсері көркем түрде бейнеленді. Кейіпкерлердің өмірі арқылы көрсетілген оқиғалар көрермендерді терең ойға қалдырып, зиянды әдеттің салдары әрбір отбасы үшін ауыр болатынын жеткізе білді.

Басқосу барысында сөз алған аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркебұлан Жаймырзаев мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алу тек заң талаптарын күшейту арқылы ғана емес, тұрғындардың өзара ауызбіршілігі мен жауапкершілігі арқылы да жүзеге асады. Сондықтан ауыл тұрғындарының өз еркімен қабылдаған бұл шешімі өзге елді мекендерге де үлгі бола алады.

Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің басшысы Берік Нышанбаев қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Ол көптеген құқық бұзушылықтардың ішімдік ішудің салдарынан орын алатынын жеткізіп, алкогольден бас тарту арқылы ауылдағы тәртіп пен тыныштықты сақтауға үлкен мүмкіндік туатынын атап өтті.

Аудан прокурорының орынбасары Серік Ізтілеуов те тұрғындардың бұл бастамасына оң бағасын берді. Ол заң талаптарын сақтау әр азаматтың міндеті екенін айтып, құқық бұзушылықтың алдын алуда қоғамның белсенділігі ерекше рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар жастарға дұрыс тәрбие беру, оларды зиянды әдеттерден қорғау және салауатты өмір салтын қалыптастыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Жиын барысында ауылдың қоғам өміріне белсенді араласып жүрген бірқатар ақсақалдарына құрмет көрсетілді. Ауылдың дамуына қосқан үлесі, кейінгі ұрпаққа өнеге болған еңбегі үшін оларға алғыс хаттар табысталып, иықтарына зерлі шапан жабылды. Бұл – үлкенді құрметтеп, олардың өмірлік тәжірибесін бағалай білудің жарқын көрінісі болды.

Ауыл ардагері Ердесов Сейдалы сөз алып, жастарды бірлікке, еңбекқорлыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге шақырды. Ол ауылдың тыныштығы мен берекесі әрбір тұрғынның жауапкершілігіне байланысты екенін айтып, зиянды әдеттерден аулақ болудың маңызын ерекше атап өтті.

Жиында ауыл имамы Әділхан Өмішев те сөз сөйлеп, имандылық, адамгершілік және рухани тәрбиенің қоғамдағы орны туралы ой бөлісті. Ол адамның ең үлкен байлығы – денсаулық пен отбасының амандығы екенін айтып, ішімдікке әуестік көптеген келеңсіз жағдайларға себеп болатынын жеткізді. Сондай-ақ жастарды адал еңбек етуге, жақсы орта қалыптастыруға және пайдалы істермен айналысуға үндеді.

Жиынды қорытындылаған ауыл әкімі Шохан Жамалханов тұрғындарға белсенділік танытып, ауыл болашағына бейжай қарамай, ортақ іске атсалысқандары үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, мұндай бастамалар ауылдағы ауызбіршілікті нығайтып, қоғамдық тәртіпті сақтауға және қауіпсіз орта қалыптастыруға оң ықпал етеді.

Шара соңында ауыл қариясы Қыдыров Сейдахан ақ батасын беріп, елдің тыныштығын, ауылдың амандығы мен берекесін тіледі.

Бүгінде Талапты ауылында 1236 тұрғын өмір сүреді. Ауыл халқының бірлесіп қабылдаған бұл шешімі – олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін, ауызбіршілігін және ел болашағына деген жанашырлығын көрсететін жарқын үлгі. Себебі қауіпсіз қоғам – әр азаматтың саналы таңдауы мен заңға деген құрметінен басталады.

Талапты ауылының бұл игі бастамасы «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі мақсаттарымен үндесіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға және қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Мұндай игі істердің көбейуі елдегі тұрақтылықты нығайтып, қауіпсіз әрі берекелі қоғам құруға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close