Без рубрики

«АДАЛ АТА-АНА – ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ!»: ОТЫРАРДА АУДАНДЫҚ АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Қауіпсіз қоғам қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Бұл бағытта отбасы, мектеп және қоғамның бірлесе жұмыс істеуі ерекше маңызға ие. Себебі баланың қауіпсіздігі мен дұрыс тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Осы мақсатта Отырар аудандық мәдениет сарайында «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ!» атты аудандық ата-аналар форумы ұйымдастырылды.

Форумның негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бойына адамгершілік пен адалдық құндылықтарын сіңіру, сондай-ақ отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту. Бүгінде бала тәрбиесіне тек білім беру ұйымдарының ғана емес, ата-аналар мен қоғамның да бірдей жауапты екені жиі айтылып келеді. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы жылдан-жылға артып келеді.

Іс-шара мәдениет сарайының фойесінде басталды. Мұнда Шәмші Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының «Жас сақшы» ұйымының оқушылары келген қонақтарды қарсы алып, білім беру ұйымдарының жетістіктерінен құралған көрме таныстырылды. Одан кейін қатысушыларға ауданның білім саласында 2025–2026 оқу жылында атқарылған жұмыстар туралы арнайы бейнеролик ұсынылды.

Форумның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов сөз сөйлеп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Ол қазіргі қоғамда кездесетін түрлі қауіп-қатерлердің алдын алуда ата-ананың жауапкершілігі ерекше екенін айтып, бала тәрбиесінде мектеп, ата-ана және қоғамның бірлескен жұмысы ғана нақты нәтиже беретінін жеткізді. Оның айтуынша, қауіпсіз қоғам құру үшін ең алдымен әр отбасы өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы қажет.

Жиын барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарға тоқталып, білім сапасын арттыру, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбие жұмысын жетілдіру бағытында қолға алынған бастамалар туралы баяндады. Сонымен қатар жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын жоспарлармен бөлісті.

Форумда сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, педагог-ардагерлер кеңесінің төрағасы Пердехан Жаппарқұлов, аудандық прокуратураның аға прокуроры Мақсат Базарханұлы және аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асхат Нұрбеков құқықтық сауаттылықты арттыру, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне кеңінен тоқталды. Олар қауіпсіз қоғам қалыптастыруда ата-аналардың бақылауы мен тәрбиесінің орны ерекше екенін айтты.

Ал М. Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Айнұр Сыздықәлі білім ордасында жүзеге асырылып жатқан тәрбие жұмыстары туралы тәжірибесімен бөлісті. Аудандық «Әкелер кеңесінің» төрағасы Медет Башар болса, отбасындағы әкенің тәрбиедегі орны, балаға үлгі болудың маңыздылығы жөнінде әсерлі ойларын ортаға салды.

Форум ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Ата-аналар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік желідегі қауіпсіздік, мектеп пен ата-ана байланысын күшейту, құқықтық тәрбиені жетілдіру секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Ұсынылған барлық пікірлер мен бастамалар хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстардың жоспарына енгізілетін болды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов форумға белсенді қатысқан ата-аналарға, сала мамандарына және қоғам белсенділеріне алғысын білдіріп, ұрпақ тәрбиесі – бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін атап өтті.

Осындай мазмұнды кездесулер қауіпсіз қоғам қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі екені анық. Себебі бала өзін қауіпсіз сезінетін, адалдық пен жауапкершілікке негізделген ортада ғана жан-жақты дамып, елдің саналы азаматы болып қалыптасады. Ал мұндай ортаны қалыптастыру – ата-ана, мектеп және қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close