Қоғам

ЭЛЕКТР ЖАРАҚАТЫ МЕН СУҒА КЕТУ КЕЗІНДЕГІ РЕАНИМАЦИЯЛЫҚ КӨМЕК-3

Күнделікті өмірдегі жарақаттардың жалпы құрылымында бас зақымдануының үлесі шамамен 10 % құрайды. Ал төтенше жағдайлар кезінде ол басқа да дене мүшелерімен, атап айтқанда аяқ-қол, кеуде, жамбастың зақымдануымен қатар жүреді.

Бас зақымдануының ауырлығы деңгейі жеңіл, ұзаққа созылмайтын амбулаторлық ем қабылдаумен шектелетіннен және өмірлік маңызы бар тыныс алу мен қан айналымы жүйесіне айтарлықтай зақым келген не- месе оқиға орнында шұғыл түрде реанимациялық шараларды бастауды қажет ететін ауыр деңгей болып екіге жіктеледі.

Бас жарақаты түрлерінің ішінде көбінесе бас сүйегінің жұмсақ тінінің зақымдануы, сүйек сынуы мен миға зақым келуі жиі кездеседі. Бас жарақатының негізгі себебі – соққы. Неғұрлым ауыр бас-ми жарақаттары жол — көлік апаты салдарынан, биіктіктен құлаудан, ғимараттар мен басқа да нысандардың опырыла құлауынан болады.

Бас сүйегі жабынының зақымдануы жабық (соғып алу) және ашық (жарақат) болуы мүмкін.

Соғып алуға тері астында қан ұйып қалуы сияқты белгі тән болса, ашық жарақат шеті бұдырлы, көбінесе жұлдыз түрінде келеді.

Сүйектің сынуы бас сүйек күмбезінің және оның негізінің сынуы болып бөлінеді.

Бас сүйек күмбезінің сынуын жарықшақтанған сынықтар және сызат деп ажыратылады. Жарықшақтанған сынықта бас сүйегінің ішіне қарай кіретін бірнеше сүйектік бөлшектер пайда болады, сызаттар жіңішке саңылау түрінде сүйектің бойымен тұтастай өтеді. Бас сүйегінің негізі сынғанда дереккөздің ұясы, мұрын сүйегі, шеке және шүйденің зақымданумен бірге бас сүйегі қаңқасының алдыңғы, артқы және ортаңғы тұсынан барлық бағыттарға таралған сызат түседі.

Бас сүйегі күмбезінің, әсіресе негізінің сынуы көп жағдайда ауыр соққының әсерінен болады. Ескеретін бір жәйт, жарақаттың ауырлығы сынықтың сипатымен емес, миға келген зақым мен соққының салда- рынан болатын асқынуларға байланысты анықталады.

Ашық жарақатқа инфекция қоздырғыштарының түсу қауіпінің жоғарылығы сынықтың бұл түрінің ауырлығын арттыратын фактор бо- лып есептеледі. Сүйектің сынған бөлшектері немесе сызаттардың шеті ми қабығын зақымдайтын болса мұндай қауіп тіптен жоғарылай түседі. Ойық жара деп аталатын мұндай кезде мидың маңайына микробтар түсуіне жол ашылады және ми мен оның қабығына инфекция түсу (ме- нингит және энцефалит) әбден мүмкін.

Мидың зақымдануы бас сүйегінің тұйық жарақаты нәтижесінде орын алады, әрі мұнда соққы күшінің бір бөлігі миға түскендіктен оның морфологиялық және функционалдық қызметі бұзылады.

Мидың зақымдалуы шайқалу, соғу және қысылу деп бөлінеді.

Мидың шайқалуы – зақымданудың әлдеқайда жиі кездесетін және ауырлығы соншалықты ауыр емес түрі болып есептеледі. Ми қызметінің бұзылуы қайтарымды сипатқа ие. Ми шайқалуына тән белгілер – естің бұзылуы немесе аз уақытқа (бірнеше минутқа) естен тану, есін жинағаннан кейін жүрек айну не болмаса бір рет құсу, жарақатқа байла- нысты оқиғаны және оған себеп болған жағдайды ұмыту (ретроградтық амнезия). Түрлі деңгейде бас ауыруы, бас айналуы, бетінің бозаруы, та- мыр соғуы біресе баяулап, сосын қайтадан жиі соға бастауы байқалады. Мидың соғылуы – айтарлықтай күшпен бас сүйегіне жасалған соққы- ның салдарынан болады. Ми соғылғанда әдетте бас сүйегінің сынуы да орын алады. Соққы жасалған жер жарылып, жұмсақ тіндері мылжаланады және оған қан құйылады.

Мидың соғылуы симптомдары ми шайқалу симптомдарына қараған- да анық, тұрақты түрде байқалады және ол арта түсуі де мүмкін. Ми соғылуының клиникалық барысының бастапқы кезеңі адамның есін бірден және ұзақ уақытқа (сағат, кейде тіпті тәулік бойы) жоғалтуымен сипатталады. Есін жоғалту уақытының ұзаруы ми соғылуының ауырлығы дәрежесін көрсетеді. Зардап шеккен адам әдетте ұзақ уақыт және жиі құсады. Ауыр соққы алған жағдайда қан айналымы мен тыныс алудың маңызды орталықтары орналасқан мидың бағаналық жасуша бөлігі зақымданады. Бұл кезде дем алуы сиреп, тыныс алу қозғалыстары үстіртін болып, ақыры адам көгере бастайды. Тамыры сирек және баяу соғылады. Жұтыну мен жөтел рефлексі бұзылады. Есін жоғалту мен жөтел рефлексінің басылуы жағдайында құсу аса қауіпті. Өйткені құсық массасы тыныс алу жолдарын бітеп тастап, асфиксияға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар тілін жұтып қою және тілімен тамағының бітеліп қалуы да бұл жағдайда адам өміріне қауіп төндіреді.

Миы соғылғандар әдетте есін әрең жинайды және көп уақыт бойы толық қалпына келе алмайды. Ретроградтық амнезия белгілері анық байқалады, ал егер соққы ауыр болса басынан өткен оқиға мен оған алып келген жағдай жадынан мүлдем шығарылады.

Зардап шеккен адам есін жинай бастағанда түрлі қызметтердің бұзылуы түрінде белгі беретін ошақты симптомдар анықталады. Ошақты симптомдардың болуымен және оның сипатына қарай мидың зақым келген тұсын анықтайды. Көбінесе ошақты симптомдар қимыл қыз- метінің бұзылуы (паралич, аяқ-қолдың парезі), сезімталдығы, сөзі, қимылы, көру қабілетінің бұзылуынан көрінеді. Ошақтық симптомдардың анық байқалуы ми соққысының ауырлығының айғағы.

Егер миы қатты соғылмаған болса, адам есін ұзақ уақытқа жоғалтпайды, дегенмен ми қызметінің бұзылуы нақты байқалмағанымен ошақты симптомдардың кез – келген түрін көруге болады.

Мидың қысылуы – бас сүйек ішіндегі зақымданған қан тамырла- рынан ағып жатқан қаннан мидың жаншылуы нәтижесінде пайда болады. Тамырлар сынған сүйектің бөлшектерінен, сызаттың шеттерінен, сондай-ақ мидың зақымдануынан болуы мүмкін. Бас сүйегіне жиналып жатқан қан сыртқа шықпағаннан кейін біртіндеп миға күш түсіреді де, оны қан ағып жатқан жердің қарсы жағына қарай итереді. Бұл зардап шеккен адамның жағдайының ауырлауына және жалпы милық ахуалының нашарлап, ошақты симптомдарының арта бастауымен қатар келеді. Ми қысылуының белгісі бірден байқалмайды, тек сүйектер мен ми қабықшасының және оның астыңғы тұсы сияқты резервтік кеңістіктер ағып жатқан қанға толып қалғаннан соң ғана белгі береді.

Мидың қысылуының өзіндік клиникалық белгілері бар. Жарақат алғаннан кейін пайда болған мидың шайқалуы немесе соғылуы сим- птомдары біртіндеп басылады. Бұл кезеңді мамандар ашық аралық деп те атайды. Оның ұзақтығы да әртүрлі, бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін жалғасады. Одан кейін науқастың жағдайы біртіндеп нашарлап, бас ауыруы күшейді де құсқысы келеді. Көбінесе қимыл және психика- лық қозу байқалады. Жағдайының одан әрі нашарлауына қарай бради- кардия тахикардияға ұласады, қан қысымы төмендеп, тыныс алуы және жүрегі тоқтайды. Мұндай жағдайда шұғыл түрде хирургиялық ота жа- сау ғана адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

Табиғат апаты немесе техногендік апат ошағында алғашқы меди- циналық көмек көрсетуге зардап шеккен адамның жалпы жағдайын бағалау, тыныс алуына кедергі келтіретін жағдайларды болдырмау және алдын алу, таңғыш салу мен емдеу мекемесіне жеткізуге дайындау кіреді.

Зардап шеккен адамға бастапқы дәрігерлік тексеру жүргізу оқиға орнында арқасымен тегіс жерге жатқызылып жасалады, басын киімдерді орап биіктетіп орналастырады.

Ең алдымен жарақаттанған адамның ес-түсінің бұзылғаны я болмаса қалыпты екендігіне көңіл аударылады. Егер ол сұраққа баяу бірақ түсінікті жауап берсе, ойланбастан өз есімін атап, жас шамасын білсе, қай тұсының ауыратынына шағымдана алса есін жоғалтпағанын білдіреді. Егер зардап шеккен адам өзінің қайда екенін білмесе, бір-бірімен еш байланысы жоқ сөздерді айтып, сандырақтаса, көзін тек сұраған кезде ғана ашса, қай жері ауыратынын нақты айта алмаса есінің шатасқанын білдіреді. Сұраққа жауап бере алатын халі болмаса, қарапайым бұйрықтарды (мысалы көзіңді аш деген) орындамаса, түрлі тітіргендір- гіштерді сезбеу (бетін шапалақпен ұру), ешқандай кері байланыс жа- самай, қойылған сұраққа түсініксіз дыбыстармен жауап беретін болса, зардап шегушінің есінен айырылғанының көрінісі.

Есін жоғалту белгілері анық байқалған сайын бастапқы дәрігерлік тексеру ұзақтығы да қысқартылып, оны дереу арада емдеу мекемесіне жеткізу шараларын бастау қажет.

Егер зардап шеккен адам есін білетін болса, одан соққы алған кез- де есін жоғалтқан-жоғалтпағанын сұрау керек. Қалай жарақат алғанын, болған оқиғаны, оның барысын нақты баяндай алуы есін жоғалтпаған деп есептеуге негіз болады. Ал, егер де қандай жағдайда жарақат алғанын айта алмаса, тек жекелеген сәттерді ғана есіне түсірумен шектелсе шамалы уақытқа есін жоғалтқан деп есептеледі.

Жарағаттанған адам ес-түсін білетін жағдайда одан қалай жарақаттанғанын және шағымдарын анықтап сұрау керек. Ми шайқалғанда не- месе жеңіл соққы алғанда бас ауруы, бас айналуы, құлағында шудың болуы мен жүрегі айнитынына шағымданады. Ретроградтық амнезия, әлсіздік, түрінің бозаруы байқалды.

Бетінің терісін, ерінінің шырышты тұсы, басы тексеріледі. Маңдайы мен шекесінің терісі сыдырылса немесе қанталап тұрса сүйектік зақымды көрсетеді. Бас сүйек күмбезіндегі қанға жабысып қалған шаш ашық жарақаттың көрінісі болып табылады. Бастың шаш өсетін тұсына абайлап пальпация жасау арқылы ауыру сезімін туғызатын орындарды анықтайды, әдетте бұл жерлерде сүйектің сынған бөліктері сезіледі.

Есі бұзылған немесе жоғалған адам үстіртін тексеріліп, бар күш-жігер оны қауіпсіз түрде емдеу мекемесіне жылдам жеткізуге жұмсалуы керек. Әсіресе тыныс алуын қамтамасыз етіп, демалуын бақылауға қатты көңіл бөлген жөн. Жиі және үстіртін тыныс алу мен денесінің көгеруі тыныс алудың бұзылғанының нышаны. Миға жасалған соққы ауыр болған жағдайда зардап шеккен адам қозып, сырылдап тыныс алады. Киіміндегі құсық дақтары бұл жағдайдың себебінің – құсық массасынан аспирация және тыныс алу жолдарының бітеліп қалғандығының жанама белгісі болып табылады. Мұндай жағдайда тез арада жоғарғы тыныс алу жолдарын бөгде заттан тазартып, оның ашықтығын қалыпқа келтіру керек. Ол үшін жұдырығын түйіп, бір саусағын мойнының астына, ал екіншісін маңдайына қояды. Бұл кезде зардап шеккен адамның басын шалқайтқанда ауызы оңай ашылады. Сосын басын бұрып, ауыз қуысы мен жұтқыншағын саусаққа мұрын орамалын немесе салфетка орау арқылы тазартады. Жағдайы жақсарғаннан кейін емдеу мекемесіне апаратын көлік жеткенше зардап шеккен адамды қырымен жатқызады. Құсық массасынан тұншығу белгілері болмаған жағдайда тыныс алудың бұзылуына тілін жұтып қою себеп болуы мүмкін. Мұндайда зардап шеккен адам тез арада қырына жатқызылып, осы жағдайда ұстап тұрады.

Өзге ашық жарақат алған жағдайлардың барлығында бастың шаш өсетін бөлігін толықтай жабатындай етіп таңғыш салу қажет. Есте сақтайтын бір жәйт, басқа таңғыш салатын кезде зардап шеккен адамның басын көтеріңкі ұстау үшін тағы бір адамның көмекке келуі. Таңғыш өте қарапайым әрі басты бекітілген қалыпта мықты ұстайтындай болға- ны жөн. «Чепец» типті бинттік мақта-дәкелік таңғыш бұл талапқа сай келеді.

Ми жарақаты белгілері байқалмайтын, тек жұмсақ тіндері зақымданған адамдарды амбулаторлық емдеу мекемелеріне жіберуге болады. Ал бас-ми жарақатын алғандар шұғыл түрде ауруханаға жатқы- зылады. Олар жатқызылған күйде тасымалданады және басын қозғамайтындай жағдай туғызу керек. Ол үшін көрпені сақина түрінде орап басына салуға болады. Егер тасымалдау кезінде құсуы мүмкін болса, зембілге бетімен төмен қарап жатқызылады. Әрі кеуде тұсы көрпенің көмегімен сәл биіктеу етіліп, бетін бақылап отыруға мүмкіндік болуы ескеріліп, басын бұрып жатқызады. Құсатын болса көлік қозғалысы тоқтатылып, құсып болғанша күтеді. Бұдан кейін барып ауыз қуысы тазартылып, тыныс алуына кедергі жоқтығына көз жеткізілгеннен кейін қозғалысты жалғастыруға болады.

Кеуденің зақымдануы

Кеуде жарақаты оның әрі қарай жалғасуының өзіндік ерекшеліктері болуымен және түрлі асқынулардың дәл сол мезетте немесе кешірек басталатыны ескеріліп, ауыр жарақаттар қатарына жатқызылады. Олар жабық зақымдану және жарақат деп екіге бөлінеді.

Жабық зақымдану — жұмсақ тіндердің соғылуы, қабырға сыну мен кеуденің қысылуы түрінде болады.

Жұмсақ тіндердің соғылуы кеудеге тиген ауырлығы қатты сезілмейтін соққының немесе кеудемен қатты затқа соғылғанда орын алады және көп жағдайда зардап шегушінің жағдайына кері әсерін тигізбейді. Қабырға ауыр затпен соғудан, биіктіктен құлаудан, сонымен қатар алды-артынан немесе қырынан кеудені қатты қысудан сынып кетеді. Бір немесе бірнеше қабырға қатарсынатын жағдайлар кездеседі.

Егер бір ғана қабырға сынатын болса әдетте оның бөліктері қозғалмай, сол тұста қалады. Ал бірнеше қабырға қатар сынса, сүйектің бойымен қозғалуы орын алады. Әрі сынған сүйектің өткір ұшы өкпеқап қуысының герметикалық тұтастығын бұзып, өкпенің тініне және қабырғалық өкпеқапқа зақым келтіреді. Соның салдарынан өкпенің зақымданған тұсынан өкпеқап қуысына ауа кіреді. Егер өкпе перифериялық бағытта зақымданып, жараның көлемі кішкентай болса, оның шеттері өзі жабылып, өкпеқап қуысына ауа кіруі тоқтайды. Өкпеқап қуысына шамалы ауа жиналуын жабық пневмоторакс деп атайды. Жабық пневмоторакс жағдайында өкпе дем алу және дем шығару актісінен ажырамайтын болғандықтан ол адамның жағдайына айтарлықтай әсер етпейді.

Өкпе тінінің жарылуы үлкен болса немесе ірі бронхтар орналасқан өкпенің орталық бөлігі зақымданса, жарақаттың шеттері тез жабылмайды. Сол себепті әрбір дем алған сайын өкпедегі жарақаттан өкпеқап қуысына ауа кіруі жалғасады және мұндағы ауа қысымы да арта түседі. Өкпенің тесілген тұсынан өкпеқап қуысына ауа үздіксіз келгенімен, ол қайтып сыртқа шыға алмайтын пневмоторакстың бұл түрін кернелген немесе клапандық (қақпақты) деп атайды. Кернелген пневмотораксқа тән сипат — тері астылық эмфизема, яғни өкпеқап қуысынан сынық қабырға сүйегінен зақымдалған қабырғалық өкпеқап арқылы кірген тері астылық жасұнықта ауаның жиналып қалуы.

Жабық пневмотораксқа қарағанда кернеулі пневмоторакс адам өміріне қауіп төндіретін жарақат болып саналады. Өкпеқап қуысындағы ауа қысымының артуы зақымданған өкпені тез қысып тастауы себебінен тыныс алу тоқтайды. Ал жүрек пен ірі қан тамырлары қарама қарсы бетке қарай қозғалып кетеді. Соның нәтижесінде зардап шеккен адамға ауа жетпей, жүрек соғысы нашарлайды.

Кеуденің қысылуы жер сілкінісі, су тасқыны мен басқа да табиғи апаттардан ғимараттар мен нысандардың опырыла құлауынан, сонымен қатар денені қозғалмайтын нәрсеге кенеттен қысудан орын алады. Кеуде қысылғанда көбінесе қабырғалар да қатар сынады.

Кеудені алды-артынан үдемелі түрде қысқан кезде кеудеішілік қысым бірден артып, соның салдарынан күре тамыр қаны кеуденің жоғарғы тұсынан, бастан, мойыннан және ішкі органдардан жүрекке жетпей, тамырларда қан қысымының артуына, бетте, мойында, шырышты органдарда, көздің конъюнктивті қапшығында капиллярлардың жарылуына әкеп соғады.

Мұндай жағдайда көрсетілетін медициналық көмек: зардап шегушінің жарақаты оқиға орнында тексеріліп, оның ауырлық дәрежесі мен жағдайы анықталады әрі емдеу мекемесіне жеткізуге дайындық басталады.

Бастапқы дәрігерлік тексеру кезінде зардап шегуші қиналмай тыныс алатындай және кеуде тұсын толық қарауға мүмкіндік беретіндей етіп оны жартылай отырғызады. Бетінің терісі, еріндерінің шырышты қабаты, көздерінің конъюнктиві тексеріледі. Терісінің көгеруі ауа жетпей, тыныс алуының қиындағанының белгісі. Кеуде тұсындағы сыдырылған тері мен ұйып қалған қанға қарап жарақаттанған жерді білуге болады. Кеудесінің көтеріліп, басылуына қарай тыныс алуын да тексереді. Дем шығарғанда екі жағының біркелкі қозғалысқа түспеуінен зақымданған тұсты анықтауға мүмкіндік береді.

Жарақаттанған жағының кеудесіне абайлап пальпация жасау арқылы ауыру аймағы мен теріастылық эмфиземаға көз жеткізеді. Одан соң қатты ауырсынатын орынды табу мақсатында қабырғалардың бойымен пальпация жасалады. Көп қабырға бірден сынатын жағдайда сынық бөліктерінің крепитациясы (сүйек сықыры) анықталады. Бұдан әрі зардап шеккен адам жай жөтеліп көруі керек. Қан аралас қақырық түсуі өкпенің зақымданғанының айғағы.

Бір-екі қабырғасы сынған жағдайда негізінен кеудесінің белгілі бір тұсының қатты ауыратыны мен дем шығарғанда қатты ауыру сезімі болатынына шағымданады. Ауырғандықтан зардап шегуші үстіртін бірақ жиі тыныс ала бастайды. Алайда тыныс жетімсіздігіне тән нақты белгілер байқалмайды. Қабырғаның бойымен жасалатын пальпация ауыру сезімі тууына қарай сынған сүйекті дәл анықтаудың жолы. Қабырғаның оқшауланған сынығында стационаралық ем-дом қабылдау қажеттілігі туындамайды.

Бірнеше қабырға сынған жағдайда тыныс алу жетімсіздігінің бел- гілері анық байқалады: тыныс алуы жиі әрі үстіртін, мұрын қанатша- лары дем шығарғанда үлкейіп, бетінің терісі көгеріп, сұрланған реңкке енеді. Зардап шегуші тыныс алуын жеңілдету үшін отыруға талпынады. Дем алғанда зақымданған кеуде қуысы сәл кейінірек көтеріледі. Кернелген пневмоторакс кезінде тыныс жетімсіздігінің белгілері неғұрлым анық байқалады.

Кеуденің қысылуы адамның өңінен білінеді: беті, мойыны мен денесінің жоғарғы тұсының терісінде қан құйылуын көрсететін ұсақ нүк- телер пайда болады, кей жерлерде олар бір-бірімен қосылып кетуінен тері тұтастай күрең қызыл, көгерген түске енеді. Қан құйылғанын көз конъюнктивінен дәл байқауға болады.

Кеудесінде жабық жарақаты бар және тыныс алуы қиындаған зардап шегушілердің барлығы шұғыл түрде емдеу мекемесіне жеткізілуі тиіс.

Тасымалдау кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ауыруды басу үшін сынған қабырғалардың орнынан қозғалмауын қадағалау керек. Дегенмен кеуде қуысы тыныс алу процессіне қатысатындығынан, максималды түрде зақымданған қабырғаларға иммобилизация жасаудың мүмкін емес екендігін ескерген жөн. Бұл жағдайда кеудесін қы- сып тұратын және орап тастайтын таңғыштар салу орынсыз. Өйткені мұндай таңғыш тыныс алуды қиындатуынан ауа жетімсіздігін одан әрі арттырып, кейін өкпенің асқынуына әкеп соғуы мүмкін. Зақымданған қабырғалардың бойымен шатыр жабынына ұқсатып, жабысатын пла- стырьді қолданып, сынған қабырғаларды бекіту әлдеқайда тиімді әдіс болып табылады.

Ауырғанды басуға арналған әсері қатты дәрі-дәрмек пайдаланудың қажеті жоқ, өйткені бұл ауырсыну сезімін басқанымен, өкпені желде- туін басу арқылы тыныс алу тереңдігін төмендетеді, ал бұл тыныс алу жетімсіздігін одан әрі ұлғайтуы мүмкін. Зардап шегушіні жатқызған бойда емдеу мекемесіне тасымалдайды.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close