Қоғам

ЭЛЕКТРМЕН ДӘНЕКЕРЛЕУ КЕЗІНДЕГІ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ-4

 Металды кесу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын орындау кезiнде жұмыс орны электрмен дәнекерлеу жұмысы кезiндегiдей ұйымдастырылады. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтардың төгiлуiне жол бермеуге және дұрыс сақтауға, кесу режимiн сақтауға және жанармайы бар бакты күтiп ұстауға ерекше назар аударылады. Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын жүргiзу орындарында жанармай қоры ауысым қажеттiлiгiнен аспайтын мөлшерде сақталады. Жанармай жарамды, сынбайтын, тығыз жабылатын, арнайы ыдыста, отпен байланысты жұмыстарды жүргiзу орындарынан кемiнде 10 метр қашықтықта сақталады. Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстары үшiн бөгде қоспалары мен суы жоқ жанармай қолданылады. Кiшкентай бакты оның көлемiнен 3/4 артық жанармаймен толтыруға болмайды. Кiшкентай бак ақаусыз күйде ұсталады және герметикалы етiп жасалады. Кiшкентай бакта манометр, сондай-ақ кiшкентай бактағы қысымның 5 атмосферадан артық жоғарылауына жол бермейтiн сақтандыру клапаны көзделеді. 10 атмосфералық қысымдағы сумен сыналмаған, жанғыш сұйықтық ағатын немесе ақаулы сорғысы бар кiшкентай бактарды пайдалануға болмайды. Бензинмен кесу жұмыстарын бастамас бұрын барлық бензинмен және керосинмен кесу арматурасының ақаусыздығы, ниппельдердегi шлангiлер қосқыштарының тығыздығы, салмалы гайкалар мен бастиектердегi бұрандалардың ақаусыздығы мұқият тексерiледi.

Жұмыс орнында құйылған тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды тұтату арқылы кескіш буландырғышты қыздыруға жол берілмейді. Жанармайы бар кiшкентай бак оттегі баллоны мен ашық от көзiнен кемiнде 5 метр және жұмыс орнынан кемiнде 3 метр қашықтықта болады. Бұл ретте кiшкентай бак жұмыс iстеген кезде жалын мен ұшқын түспейтiндей орналастырылады.

Бензинмен және керосинмен кесу жұмыстарын жүргiзу кезiнде мыналарға жол берілмейді:

    • жанармайы бар бактағы ауа қысымының кескiштегi оттегiнiң жұмыс қысымынан артық болуына;
    • шие түсiне дейiн қатты қыздыруға, сондай-ақ кескiштi жұмыс кезiнде басымен жоғары қаратып тiгiнен iлiп қоюға;
    • кескiшке оттегi немесе жанармай беретiн шлангiлердi қысуға, бұрауға немесе сындыруға;
    • бензин немесе керосин бөлуге арналған оттегi шлангiлерiн кескiште пайдалануға.

Дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

Дәнекерлеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде жұмыс орны жанғыш материалдардан тазартылады, ал кемiнде 5 метр қашықтықтағы жанғыш материалдардан жасалған құрылымдар жанбайтын материалдардан жасалған экрандармен қорғалады немесе су бүркіледi. Дәнекерлеу шамдары толықтай жарамдылықта ұсталады және нәтижелерi мен тексерген күнін ерікті нысандағы журналға енгiзе отырып, кемiнде айына бiр рет олардың төзiмдiлiгi мен герметикалығы тексерiледi. Бұдан басқа жылына кемiнде бiр рет гидравликалық бақылау сынағы жүргiзiледi. Әрбiр дәнекерлеу шамы зауыттың гидравликалық сынақ нәтижелерi мен рұқсат етiлген қысымы көрсетiлген паспортпен қамтамасыз етiледi. Шамдар тиiстi қысымда реттелген, серiппелi сақтандыру клапандарымен жарақталады. Дәнекерлеу шамдарына осы мақсат үшiн арнайы бөлiнген орындарда жанармай толтырылады және жағылады. Шамдарды толтыру кезiнде жанармайдың төгiлуiне және ашық отты пайдалануға жол берiлмейдi. Дәнекерлеу шамынан жалынның шығуын болдырмау үшiн шамға құйылатын жанармай бөгде қоспалар мен судан тазартылады.

Дәнекерлеу шамының жарылуын болдырмау үшiн мыналарға жол берілмейді:

    • жанармай ретiнде керосинмен жұмыс iстейтiн шамдар үшiн бензин немесе бензиннiң керосинмен қоспасын қолдануға;
    • ауа толтыру кезiнде шамның резервуарындағы қысымды паспортта көрсетiлген, рұқсат етiлген жұмыс қысымынан жоғарылатуға;
    • шамға оның резервуарының 3/4 көлемiнен артық жанармай құюға;
    • шам жанып тұрғанда немесе суымай тұрып, ауа винтi мен отын құю тығынын ашуға;
    • ашық оттың маңында шамды жөндеуге, сондай-ақ одан жанармайды ағызуға және оған құюға.

 

Үй-жайларға жылу беру және кептіру қондырғыларын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

Ұтқыр (мүкәммал) ғимараттарды жылыту үшін бу және су калориферлері, сондай-ақ зауытта дайындалған электр қыздырғыштар пайдаланылады. Киiм-кешек пен аяқ киiмдi кептiру осы мақсатқа арналған, орталықтан сумен немесе су калориферлерiн қолдана отырып жылытылатын үй-жайларда, ғимараттарда немесе құрылыстарда жүргiзiледi. Кептiргiштердi тамбурларда және ғимараттардың шығу жолдарында орналасқан басқа да үй-жайларда орнатуға болмайды. Полимер жылытқыштары бар металл констукциялардан жасалған ғимараттарда құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде ғимараттардан тыс кемiнде 18 метр қашықтықта немесе өртке қарсы қабырғалардан кейiн жанарғы құрылғыларын орналастыра отырып, тек ауамен немесе сумен жылу беру жүйесi ғана қолданылады. Жылу тасығыштары бар құбырлардан бастап қоршау құрылымдарына дейiнгi қашықтықтың 100 метрден кем болуына жол берiлмейдi. Жылы будкаларда ашық отты пайдалануға, сондай-ақ отпен байланысты жұмыстарды жүргiзуге және электр калориферлерiн және инфрақызыл сәулелi газ жанағыларын қолдануға болмайды.

Үй-жайларды инфрақызыл сәулелі газ жанарғыларымен кептіру кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

Инфрақызыл сәулелi жанарғылары бар жылжымалы және тұрақты қондырғылар жанарғылар сөнген кезде газ берудi тоқтататын автоматты бұғаттағышпен жабдықталады. Инфрақызыл сәулелi газ жанарғыларын монтаждау мен пайдалануды газ жұмыстарын жүргізуге рұқсаты бар персонал жүргiзедi.

Еденге орнатылатын инфрақызыл сәулелi газ жанарғылары бар жылжымалы қондырғылар арнайы тұрақты тұғырмен қамтамасыз етiледi. Газы бар баллон қондырғы мен өзге де жылу беру аспаптарынан кемiнде 1,5 метр, ал электр есептегiштен, ажыратқыштардан, розеткалар мен өзге де электр аспаптарынан кемiнде 1 метр қашықтықта орналасады.

Жанарғылардан бастап жанғыш материалдардан жасалған құрылымдарға дейiнгi қашықтық кемiнде 1 метр, қиын жанатын заттарға дейiн кемiнде 0,7 метр, жанбайтын заттарға дейiн 0,4 метр етiп көзделеді.

Сұйытылған газдағы қондырғыны монтаждау кезiнде шлангiлердiң ұзын- дығы жұмыстың ыңғайлылығын қамтамасыз ететiндей мүмкiндiгiнше қысқа етiп көзделеді. Едәуiр қашықтағы кептiру орнынан бастап қосу торабына дейiнгi қашықтық 30 метрден аспайтындай етiп қабылданады. Қондырғы газ торабынан алысырақ болғанда болат құбырдан жасалған уақытша газ құбыры төселедi, ал оған жанарғылар иiлгiш шлангiлермен қосылады.

Иiлгiш шлангiлер қосқыштың герметикалығын қамтамасыз ететiн бұран- далары мен гайкалары бар қамыттардың көмегiмен редуктормен және құбырлармен қосылады. Иiлгiш шлангiлердi олардың майысуы мен қысылып қа- луына жол бермей, кемiнде 2 метр биiктiкте төселедi. Инфрақызыл сәулелi газ жанарғылары бар қондырғылар жұмыс iстеп тұрған орындарда жанғыш заттар мен материалдарды сақтауға, сон- дай-ақ оларды пайдалана отырып жұмыс iстеуге болмайды.

Инфрақызыл сәулелi газ жанарғыларын пайдалану кезiнде мыналарға жол берілмейді:

    • жұмыс iстеп тұрған қондырғыны қараусыз қалдыруға;
    • керамикасы зақымдалған, сондай-ақ ашық жалын шығаратын жанарғы- ларды пайдалануға;
    • егер үй-жайда газдың иiсi шықса, қондырғыны пайдалануға;
    • жанарғылардың жылу сәулесiн тiкелей жанғыш материалдар, газы бар баллондар, газ құбырлары, электр өткiзгiштерi жағына бағыттауға;
    • газ қондырғыларын қатты отынды жылыту қондырғыларымен қатар пайдалануға.

Ашық алаңдарда жұмыс iстегенде (жұмыс орындарын жылыту үшiн және дымқыл жерлердi кептiру үшiн) тек желге тұрақты жанарғылар пайдаланылады.

Сұйық және газ тәрізді отынмен жұмыс істейтін жылу генераторларын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

Ауа жылыту қондырғылары салынып жатқан ғимараттан кемiнде 5 метр қашықтықта орналастырылады.

Көлемi 200 литрден аспайтын отын құятын ыдыс қолданылады және ауа жылытқыштан кемiнде 10 метр және салынып жатқан ғимараттан кемiнде 15 метр қашықтықта орналастырылады. Отын ауа жылытқышқа металл құбыр арқылы берiледi. Отын құбырларында отынның төгілуін болдырмайтын зауытта шығарылған қосқыштар мен арматура қолданылады. Шығын багының отын құбырларында өрт немесе авария болған жағдайда қондырғыға отын берудi тоқтату үшiн ысырма вентиль орнатылады.

Салынып жатқан ғимаратта пайдалану жөніндегі нұсқаулықтың талапта- рын сақтаған кезде сұйық отынмен жұмыс істейтін және кіріктірілген отын багы бар тасымалданатын немесе жылжымалы ауа жылытқыш аспаптарды қолдануға жол беріледі.

Газ отынымен жұмыс iстейтiн қондырғыларды монтаждау мен пайдалану кезiнде:

    • жылу шығаратын қондырғыларға зауыттың паспорты бар стандартты жанарғылар орнатылады;
    • жанарғылар жалынды үзбей және агрегаттың жылу жүктемесiн қажет- тi реттеу шегiнде оны жанарғыға өткiзбей тұрақты жұмыс iстеуi қажет;
    • жылу шығаратын қондырғылары бар үй-жайлардағы желдеткiш 1 сағатта үш еселiк ауа алмасуды қамтамасыз етуi қажет. Жылу шығаратын қондырғыларды пайдалану кезiнде мыналарға жол берілмейді:
    • отын құбырларының герметикалығы бұзылған, форсунка корпусы жылу шығаратын қондырғымен нығыз орнатылмаса, үй-жайға жану өнiмдерiнiң өтуiне ықпал ететiн түтiн мұржалары, электр қозғалтқыштары мен iске қосу аппаратурасы ақаулы болса, сондай-ақ электр қозғалтқыштың жылу қорғағышы болмаса және басқа да ақаулары болса, қондырғымен жұмыс iстеуге;
    • форсунка ретке келтiрiлмегенде (отын қалыпты жанбаса) жұмыс iстеуге;
    • отын құбырларын қосу үшiн резеңке немесе полихлорвениль шлангiлерi мен муфталарын пайдалануға;
    • қондырғы мен отын бактары жанына жанғыш қоршаулар орнатуға;
    • отын құбырларын ашық отпен қыздыруға;
    • қысқа мерзiмге тоқтағаннан кейiн ауамен үрлемей жылу шығаратын қондырғыны iске қосуға;
    • жұмыс қоспасын көру тесігі арқылы жағуға;
    • жылу шығаратын қондырғы жұмыс iстеп тұрған кезде шамдар элект- родтарының арасындағы саңылауды реттеуге;
    • ауа жинау коллекторларында қорғағыш тор болмаған жағдайда жылу шығаратын қондырғыны iске қосуға.

Электр калориферлерді монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

Тек зауытта дайындалған, желдеткіш жұмыс істемеген кезде қыздырғыш элементтерге электр энергиясын беруді болдырмайтын жарамды дабылы мен бұғаттағышы, шығатын ауаның температурасын бақылау және оны реттеу автоматикасы электр және жылу қорғағышпен көзделген электр калориферлерді монтаждауға және пайдалануға рұқсат етіледі. Электр калориферін монтаждау, жұмысқа дайындау, iске қосу дайындаушы зауыттың паспортында көрсетiлген тәртiппен жүзеге асырылады.Электр калориферi корпусы мен желдеткiш арасына жұмсақ қыстырма үшiн жанғыш материалдарды қолдануға болмайды.

Электр калориферлерiн пайдалану кезiнде мыналарға жол берілмейді:

    • дабыл қаққышты немесе бұғаттағышты сөндiруге;
    • электр калориферден шығу жолындағы дайындаушы зауыт белгiлеген ауа температурасын жоғарлатуға;
    • желдеткiш жұмыс iстемей тұрғанда электр калорифердi қосуға (бұғаттағыш қондырғыны әр iске қосар алдында тексеріледi);
    • электр калориферде немесе оның жанында киiм немесе басқа да жанғыш материалдарды кептiруге;
    • жұмыс iстеп тұрған электр калориферi орнатылған үй-жайда жанғыш заттар мен материалдарды сақтауға.

 

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close