Қоғам

ОТБАСЫНДА ҚЫСЫМҒА ҰШЫРАҒАНДА ҚАЙДА ХАБАРЛАСУ КЕРЕК?

Арнайы сауалнамаға қатысқан респонденттердің 58,5%-і өздерінің учаскелік полиция инспекторын білмейді. Зорлық-зомбылық жағдайында олардың көпшілігі көмек сұрап және өз құқықтарын қорғау үшін кімге жүгінетінін білмейді.

Респонденттердің 44%-і учаскелік полиция қызметкерінің мүгедек мүшелері бар үй шаруашылықтарын айына қанша рет аралап шығатынын білмейді, 28%-і учаскелік полиция қызметкерінің оларды мүлдем араламайтынын мәлімдейді. Іс жүзінде, жергілікті полиция қызметі жәбірленуші олармен байланыса алған жағдайда ғана жасалған зорлық-зомбылық оқиғаларына ден қоя отырып, мүгедек адамдарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша мәнді жұмыс жүргізбейді.

Респонденттерге полиция қызметкерлері, оның ішінде учаскелік полиция қызметкерлері шақырудан кейін қаншалықты тез әрекет етеді және шақыру орнына келеді деген сұрақ қойылды.

Респонденттердің жауаптары келесідей бөлінді:

  • тез, дереу келеді – респонденттердің 21%-і
  • баяу, 3-4 сағаттан кейін – 13%
  • мүлдем әрекет етпейді – 5%
  • білмеймін – 66%

Зорлық-зомбылық орын алғанда тек 13 адам (респонденттердің 15%-і) учаскелік инспекторға жүгінген, оның ішінде 5 жағдайда қорғау ұйғарымдары берілген. Қорғау ұйғарымдары берілген барлық жағдайларда міндеттер түсіндірілді. Қалған 8 жағдайда қорғау ұйғарымдары берілмеген. ЖПҚ қызметкерлері әңгімелесу ғана өткізіп, бұл отбасының мәселесі деген уәжбен басқа іс-әрекеттер жасамаған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары болған мүгедектердің 54%-і учаскелік инспекторға жүгінбейді. Респонденттер ЖПҚ қызметкеріне мүмкіндіктің жоқтығынан – телефонның болмауынан, телефон нөмірін білмеуінен көмек сұрап жүгіне алмайды. Сондай-ақ олар: «учаскелік полиция қызметкеріне жүгінсем, күйеуім одан да көп ұрады, мен оған тәуелдімін», «ұят», «учаскелік полиция көмек көрсетпейді» деп санайды.

Мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін қызметтерді бағалау және қолдау шаралары

Респонденттердің 48%-і әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық орын алғанда оларға мемлекеттік органдар көмек көрсетуге тиіс деп санайды, 22%-і мұндай көмекті дағдарыс орталықтарының жауапкершілігіне жатқызады, 17%-і туыстары мен достарының көмегіне және 5%-і – ҮЕҰ көмегіне жүгінеді. Респонденттер әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауды ұйымдастыруда мемлекеттік органдарға үлкен үміт артады. Респонденттердің 8%-і «білмеймін» және «ол туралы ойланбадым» деп жауап берді.

Зорлық-зомбылық орын алғанда респонденттердің 59,3%-і өз туыстарынан және/ немесе достарынан, 15,2%-і мемлекеттік органдардан және тек 5,1%-і мен 1,8%-і дағдарыс орталықтары мен ҮЕҰ-дан көмек алады. Деректер көрсеткендей, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар мүгедек әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне жеткіліксіз көңіл бөледі.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдар үшін мемлекет тарапынан көрсетілген қызметтерді білесіз бе?» деген сұраққа:

  • «иә» деп респонденттердің 9%-і ғана жауап берді;
  • 91%-і мұндай қызметтер туралы білмейтіндігін айтты.

Барлық мүгедек адамдар үшін ақпараттың негізгі көзі теледидар, ұялы телефондар және туыстары/достары болып табылады. Есту қабілеті бұзылған мүгедектер теледидарда сурдоаудармасы бар ақпарат өте аз екенін, тек кейбір жаңалықтар ғана сурдоаудармамен берілетіндігін атап өтті.

Өткізілген фокус-топтар бойынша қорытындылар

Бес фокус-топпен тереңдетілген топтық сұхбат өткізілді. Әр фокус-топтың құрамына ЖПҚ, әлеуметтік қызметтер, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған ӘПСҚ қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, медицина қызметкерлері, Мүгедектер қоғамының төрағалары мен мүшелері, емхана психологтары мен әлеуметтік қызметкерлері енді.

Фокус-топтармен талқылау осы зерттеудің гипотезаларын растады:

  1. Мүгедек адамдардың көпшілігі адамдардың арасындағы, атап айтқанда, өздеріне қатысты зорлық-зомбылық қарым-қатынасты жосықсыз деп санамайды.
  2. Мүгедек адамдар үйдегі зорлық-зомбылықтың экономикалық және психологиялық түрлерінің көптеген нысандарын зорлық-зомбылық ретінде танымайды, яғни олар мұндай қарым-қатынасты зорлық-зомбылық деп есептемейді.
  3. Көптеген мүгедек адамдар психологиялық, экономикалық зорлық-зомбылықты өздерінің күнделікті өмір нормасы ретінде санай отырып, зорлық-зомбылық деп сезінбейді және зорлықшыны жиі ақтайды.
  4. Мүгедек әйелдердің көпшілігі өздерінің отбасыларында да, қоғам тарапынан да зорлық-зомбылыққа ұшырайды.
  5. Отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырайтын мүгедек адамдардың көпшілігінің оны болдырмауға және айналасындағыларға оларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық жағдайлары туралы хабарлауға мүмкіндігі жоқ.
  6. Мүгедек адамдар көпшілік жағдайда қоғамнан оқшауланып, отбасы мүшелері мен айналасындағы адамдарға тәуелді болады.
  7. Мүгедек адамдардың көпшілігі ЖПҚ қызметкерлерінен, медицина қызметкерлерінен, әлеуметтік қызметкерлерден, психологтардан білікті көмек алуға болатындығына сенімсіз/білмейді.
  8. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың салдарлары туралы хабардарлықтың деңгейі төмен болып табылады және Түркістан облысының әртүрлі аудандарында сұралғандардың жалпы санынан 10%-тен 20-30%-ке дейін ауытқиды.
  9. Зорлық-зомбылықты бастан кешірген әйелдерге әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету қызметтерінің бар екендігі туралы халықтың хабардарлығының деңгейі өте төмен (10%-ке дейін).
  10. Мүгедек адамдардың көпшілігінің пікірінше, зорлық-зомбылық туралы айтуға болмайды, себебі ол ұят нәрсе.
  11. Мүгедек адамдарға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау/оған қарсы әрекет ету/ жауап қайтарудың қолданыстағы механизмдері тиімді және жеткілікті болып табылмайды.

Фокус-топтардың қатысушылары осы уақытқа дейін мүгедек адамдардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны бола алмайды деп санағандығын растады. Олар зорлық- зомбылыққа ұшыраса да, бұл өте сирек құбылыс.

Әлеуметтік қызметкерлер мүгедек адамдардың айналасындағыларға тәуелді екенін атап өтті. Зорлық-зомбылық адам тәуелді болғанда орын алады. Агрессордың жазасыздығы мүгедектігі жоқ әйелдерге қарағанда мүгедек әйелдерге зорлық-зомбылық жасауға көбірек дәрежеде мүмкіндік береді.

Жиі бүкіл отбасы мүгедектігі бойынша төленетін жәрдемақыға өмір сүреді. Отбасы мүшелері олар үшін зейнетақы алады және ақшаға өз қалауымен иелік етеді.

Фокус-топтардың барлық қатысушылары мүгедек адамдарға қатысты зорлық- зомбылық фактілерін анықтауда және оларға ден қоюда келесі мәселелер бар екендігін атап өтті:

  • Зорлық-зомбылықты басынан кешірген адамдармен жұмыс жүргізу бойынша құзыретті мамандардың жоқтығы. Зардап шеккендермен, агрессорлармен қарым- қатынас орнатудағы біліксіздік. Алдын алу, анықтау және көмек көрсету бойынша іс-қимыл алгоритмінің жоқтығы. ЖПҚ қызметкерлері мен медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер тарапынан профилактикалық жұмыстың жоқтығы;
  • Мүгедектер қоғамдары мен әлеуметтік қызметкерлер тұрмыстық зорлық- зомбылыққа ден қою қызметтерін көрсетпейді. Әлеуметтік қызмет қызметкерлері мүгедектерге көмекші құралдар берумен шектеледі. Үйде қызмет көрсететін көмекшілер тіпті мүгедек адамдардың отбасыларындағы тұрмыстық зорлық- зомбылық оқиғасын көрсе де, оны отбасы ішіндегі мәселе деп санап, болған жағдай туралы тиісті қызметтер мен органдарға хабарламайды;
  • Әйелдер отбасын сақтау мақсатында зорлық-зомбылық оқиғаларын жасырады; олар күйеуі түзеледі деп үміттенеді;
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары полицияға бастарынан кешірген зорлық-зомбылық туралы арыз жазғанның өзінде оны жиі қайтып алады немесе сотта агрессорға кешірім береді;
  • көптеген мүгедек адамдар, және олар ғана емес, отбасындағы зорлық-зомбылықты қалыпты нәрсе деп санайды;
  • Агрессорлармен жұмыстың жүргізілмеуі;
  • Дағдарыс орталықтарының, жедел желінің, сенім телефонының жоқтығы;
  • Медицина қызметкерлері мен учаскелік полиция қызметкерлері аула-аула бойынша аралап шығу міндетін орындамайды;
  • Істер мен бюрократиялық рәсімдердің үлкен салмағынан тиісті органдар отбасылардағы зорлық-зомбылық жағдайларымен әрдайым айналыспайды;
  • Ділдік аурулары бар мүгедектер мүгедек адамдардың ең осал санаты болып табылады. Олар көпшілік жағдайда зорлық-зомбылыққа және жиі оның жыныстық түріне ұшырайтынын түсінбейді. Түсінген жағдайда зорлық-зомбылықты өмірдің нормасы деп санайды.
  • Тергеу органдары үшін ділдік аурулары бар адамдарға қатысты жасалған зорлық- зомбылықты дәлелдеу қиынға соғады.
  • Ділдік аурулары бар мүгедектерге қатысты зорлық-зомбылықтың фактілерін анықтау және оларға ден қою механизмдері жоқ. Көмек көрсету үшін ділдік аурулары бар мүгедектердің әрекет қабілеттілігін анықтау қажет. Өкінішке орай, әрекет қабілеттілігін анықтау үшін көп уақыт пен комиссия мәжілісі қажет.

ЖПҚ мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері полиция қызметі мен денсаулық сақтау қызметтері арасында ведомствоаралық өзара әрекеттесу бар екенін атап өтті. ӘПСҚ (Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметтерінің) базаға кіруге рұқсаты жоқ, мамандандырылған қызметтер мен уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасу жоқ. Әрбір мекеме оқшау жұмыс істейді. Мемлекеттік органдар мүгедектер қоғамдарымен өзара әрекеттеспейді. Аудандарда ведомствоаралық өзара әрекеттесу жоқ.

Фокус-топтарда сауалнама өткізу барысында әлеуметтік қызметтер қызметкерлері, психологтар, медицина қызметкерлері зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл/әрекет ету құралдары туралы хабарсыз екендігі анықталды. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң, қызмет көрсету стандарттары мен халықаралық құжаттар туралы тиісті дәрежеде хабардар емес. ӘПСҚ өз қызметінде зорлық-зомбылықты басынан кешірген адамдарға қызметтер көрсетудің Стандартты жедел рәсімдерін (СЖР) қолданады. Фокус-топтардың қалған қатысушылары СЖР-мен таныс емес.

Фокус-топтардың қатысушылары зорлық-зомбылыққа ұшыраған мүгедектігі бар адамдарға қатысты алдын алу, анықтау және оларға көмек көрсету шараларын жақсарту бойынша келесі іс-әрекеттер мен өзара әрекеттесу механизмдерін ұсынды:

  • мамандандырылған қызметтер мен уәкілетті органдар үшін мүгедек адамдарға қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша интеграцияланған база құру;
  • оңалту орталықтарының санын көбейту;
  • мүгедек адамдарға ерекше назар аудара отырып, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды анықтау және олармен өзара әрекеттесу мәселелерінде психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің, ЖПҚ қызметкерлері мен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру;
  • мүгедек адамдарды олардың адам құқықтары мен зорлық-зомбылықтан қорғау қызметтерін алу құқықтары туралы хабардар ету;
  • сюжеттері гендерлік/тұрмыстық зорлық-зомбылық және оған ден қою жөніндегі қызметтерді қамтитын ақпараттық бейне-роликтер әзірлеу және оларды әлеуметтік желілер бойынша тарату;
  • мектептерде гендерлік/тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның салдарлары туралы сынып сағаттарын өткізу;
  • мектептерде балалар мен жасөспірімдердің өз құқықтары туралы хабардар болуын арттыру үшін адам құқықтары туралы сынып сағаттарын өткізу.
Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close