Қоғам

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫН САРАЛАДЫ

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен бүгінгі аппараттық мәжілісте өткен аптада анықталған кемшіліктердің орындалуы сараланды.

Бүлінген аяқжолдар мен қоршаулар, істен шыққан автоматты суғару жүйелері ретке келтіріліп, арық-атыздар тазаланған. Қала әкімінің Жаңа қала аумағын аралау барысында берілген тапсырмаларға сәйкес, жауапты мамандар көпқабатты үйлердің қасбетін реттеу мақсатында 990 салқындатқыш құрылғыларының қосалқы қорабын бірдейлендіріп, қайта орнатылуын қамтамасыз еткен. Тұрғындарға желдеткіш орнату барысында сақталуы тиіс техникалық талаптар түсіндірілуде. Бұл жөнінде қала әкімінің кеңесшісі Мадияр Асан 9-11, 32, 24 көшелер бойындағы кемшіліктерінің орындалуы туралы баяндамасында атап өтті.

Ветеринариялық қызмет мекемесінің Түркістан қалалық филиал басшысы Семсерхан Тоғаев өз кезегінде жыл басынан қалалық «1310» біріңғай байланыс орталығына ит, мысықтарды аулауға 3192 өтінім түскенін, оның ішінде нақты 3174 өтінім орындалғанын мәлімдеді. Ветеринариялық қызмет мамандары тұрғындарды Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі «Түркістан облысы бойынша үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы» № 17/209-VII шешімінде көзделген талаптарды сақтауға шақырғанымен, әлі де шағымдар азаймай тұрғанын жеткізді. Жыл басынан бері ит-мысықтардан 270 адам зардап шеккен. Оның ішінде 148 иттің егесі анықталған.

Нұрбол Әбдісаттарұлы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажетті шараларды секторлармен бірлесіп, тиісті деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Қала тазалығын қамтамасыз ету бағытында Полиция басқармасы тарапынан 12-18 тамыз аралығында  «Қоғамдық орындарды ластау» бабымен — 184 адамға, елді мекендерде абаттандыру ережелерін бұзған 61 азаматқа айыппұл рәсімделген. Бұл жөнінде қалалық Полиция басқармасы басшысының орынбасары Ахан Сапарбеков баяндады.

Шаһар басшысы:

— Құқықбұзушылықтарды анықтауда бейнебақылау камераларының көмегі қай деңгейде? Олардың санын арттырғанымен әлі күнге нәтиже көңілден шығып тұрған жоқ. Қоршаған ортаны ластағандарды кешіргенімен мәселе шешілмейтінін ұмытпаңыздар, — дей келе, бақылаудың атүсті жүргізілмеуін қатаң қадағалауды жүктеді.

Мәжіліс барысында сондай-ақ, облыс әкімінің және қала әкімінің тұрғындармен кездесуі кезінде, жеке қабылдауда берілген тапсырмаларының орындалуы сараланды. Хаттамалық тапсырмалар зерделеніп, жиналыс қорытындысымен тапсырма-жоспар қайта жаңартылды.

Бүгін Ә.Жангелдин көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын кезекті рет тексеруге барған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мердігерге соңғы рет ескерту жасады:

— Кәріз жүйесінің құбырларын көмуді өткен аптаның соңына дейін аяқтаймын деген уәдеңіз қайда? Сөз берген кезде сіз өз мүмкіндіктеріңізді есепке алғаныңыз белгілі. Біз келістік. Кешігуіңіздің себебін сұрамаймын. Дегенмен, жол құрылысы 10 күнде аяқталмаса, заң аясында тиісті шара қабылдайтынымызды ескертемін, — деді қала әкімі өз сөзінде.

Аралауды І-ІІ мөлтек аудандарында жалғастырған Нұрбол Әбдісаттарұлы көпқабатты үйлердің аула тазалығын сынға алды. Сектор жетекшісіне тұрғындардың қатысуымен сенбілік өткізуді жүктеп, секторға бекітілген жауапты маманға қадағалауды тапсырды.

Сондай-ақ, мөлтек аудан аумағындағы ескі қоршаулар мен қараусыз қалған шағын ескі  нысандарды бұздыру, көлік тұрағын реттеу, мөлтек ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыру жайы талқыланып, қосымша тапсырмалар нақтыланды.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close