Саясат

Біржан Саржанов: Депутат деген мәртебелі мандатқа қол жеткіземін!

«Nur Otan» партиясының Партиялық кадрлық резервіне үміткер

Саржанов Біржан Рысбайұлының

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

 

Қымбатты жерлестер!

 

Мен Саржанов Біржан Рысбайұлы, қасиетті Созақ ауданының төл перзенті ретінде туған өлкемнің тарихын да, халқымның басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді де жақсы білемін. Алматы қаласында жоғары оқу орнын бітіріп, туған өлкеме келгеннен бері осы өңірдегі жастар саясаты мен қоғамдық ұйымның жұмысын дамытуға белсене араласып келемін. Осы бағыттағы жеткен жетістіктерімді де халық біледі. 

«Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойып, саяси кеңесі бекіткен ішкі партиялық іріктеуді өткізу туралы ережелері жарияланғаннан кейін, Партиялық кадрлық резервіне үміткер болуға бел будым. Өлкемізді жан-жақты дамытудың көп деген мәселелері аудандық мәслихат депутаттары арқылы шешіліп келеді. Созақ ауданында шешімін күткен мәселелер жетіп-артылады. Өлкеміздің қай жерінде де тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ірілі-ұсақты барлық мәселелерін алдымен өздері сайлаған депутаттарға айтып жатады.  Өйткені, депутат – халық сенімін иемденген тұлға, аманат жүгін арқалаған азамат.

Бүгінгідей күрделі  кезеңде осындай зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен табылу кім-кімге де сын болатынын жақсы сеземін.

Мен сайлаушылардың сенімін иемденіп, депутат деген мәртебелі мандатқа қол жеткізсем, Созақ ауданында мынадай өзекті мәселелердің оң шешімдерін табуға қызмет жасайтын боламын:

1. Аудандық агломерация, аудан инфроқұрылымының дамуына, ауданның абаттандырылуына, жолдардың уақытылы сапалы жөндеу жұмыстары мен күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға, ауданның тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарының жүруін қадағалау.

 

2. Балаларға арналған спорт алаңдары мен мәдени нысандарының құрылысына жағдай жасап, денсаулық салауатты өмірдің басты кепілі ретінде оларға жаппай денешынықтыру, спорт, мәдени мұра мен шығармашылық белсенділіктерін насихаттау және дамыту үшін балалар мен жастардың бос уақытын өткізуге қолайлы жағдай жасау.

3. Кәсіпкерлер қоғамның және еліміздің экономикасының бастамашыл тобы болғандықтан кәсіпкерлікті қолдау және іскерлік белсенділікті ынталандыру. Жаңа жұмыс орнын құратын экономиканың басым секторларында кәсіпкерліктің өсуіне ықпал ету. Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған «Даму» қорына, «Бизнестің Жол картасы- 2025», Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» секілді мемлекеттік бағдарламаларына қолдау көрсетіп, барлық жағынан көмек беру.

4. Халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында қолайлы амалдар мен жұмыс түрлерін қолдана отырып, халықтың әлсіз топтары соғыс және еңбек ардагерлеріне, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, мүгедек жандарға, мүгедек балаларға, жетім балаларға қолдау көрсетіп, қамқорлық таныту. Арнайы әлеуметтік бағдарламалардың өз деңгейінде орындалуын қадағалау.

5. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлікте қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға атсалысу. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясының нақты жүзеге асуына, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу рухында тәрбиелеу мақсатындағы отбасы тәрбиесі мен «Ата-аналар«комитетінің жұмысын күшейтіп, қолдау көрсету.

6. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауындағы Сыбайлас жемқорлықпен күресуді қолға алу: Қай салада да жемқорлық әрекеттерге жол бермеу, адамдарда жемқорлық әрекеттерге төзбестік ахуал қалыптастыру. Қоғамдық бақылауды күшейту.

7. Жан-жақты дамыған тұлғаны дайындау маңыздылығын түсіне отырып, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін бюджеттік қолдау көрсетуге ұмтыламын. Халыққа қажетті медициналық көмек көрсету үшін аймақтық денсаулық сақтау қызметкерлерін құруға жан-жақты көмекпен қамтамасыз етуге ықпал жасау.

Мемлекет тарапынан берілетін тегін дәрілер мен медициналық қызметтің сапалы көрсетілуін қадағалау.

8. Созақ ауданы тарихқа бай өлке. Әр тасын түртсең тарихы сайрап тұрғаны белгілі. Ауданымызда туризмді дамытып, тарихи жерлерге саяхат жасау үшін жағдай жасап, туристерді тарту. Сол арқылы аудан экономикасының дамуына өз ықпалын тигізу.

9. Суы мен тұз-балшығы дертке шипа болған Қызылкөлді қайта қалпына келтіріп, инвесторлар тартып, демалыс аймағына айналдыруға атсалысу. Дертіне шипаны сырттан іздемей, аудан тұрғындарының өз жеріміздегі демалыс орнына қол жетімділікті арттыру.

10. «Туған жерге тағзым« және «Ауыл – Ел Бесігі» арнайы жобаларын қолға алып, Созақ ауданында туып, қазіргі таңда түрлі қызметпен сыртта жүрген кәсіпкер меценаттардың басын қосып, ауданымыздағы әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қолғабыс жасауға шақырып, ұйымдастыру. Ауылдың жағдайын көтеріп, барынша қолдау көрсету.

Жас депутат ретінде сайланудағы менің мақсатым Сіздермен тығыз ынтымақтаса отырып, менің сайлаушыларым мен биліктік мекемелерімен маңызды мәселелер мен міндеттерді өз деңгейінде шешу болып табылады.

Құрметті сайлаушылар, Сіздерден ауданымыздың болашағына немқұрайлы қарамауларыңызды сұраймын. Сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларыңызды жасаңыздар. Сіз өз атыңыздан дауыс бере отырып, өзіңізге, өзіңіздің балаларыңыз бен немерелеріңізге жарқын болашақ үшін дауыс беретіндеріңізді есте сақтаңыздар.

Партияның Сайлауалды бағдарламасы алдымызда тұрған  бірінші кезекті жалпыұлттық міндет.  Реформаларды жүзеге асыру арқылы және Партияның Сайлауалды бағдарламасының толықтай орындалуы арқылы  біз ұлттық сананы өзгертеміз, отаншылдықты арттырамыз, ел бірлігін нығайтамыз, Тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтай отырып, Қазақстанды өркениетті елдер санатына көтеріп, Мәңгілік Елге айналдырамыз!  

 

Саржанов Біржан Рысбайұлының

Өмірбаяны мен қоғамдық жұмыстардағы еңбек өтілі

1985 жылы 15 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1993 жылы Шолаққорған ауылындағы Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектептің табалдырығын аттап, 2004 жылы аталмыш мектепті бітірген. Осы жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетіне мемлекеттік грант есебінен «Технологиялық машиналар және жабдықтар» мамандығы бойынша оқуға түскен. Университет қабырғасында жүріп оқумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысқан.

2005 жылы «Жасыл Ел» жастардың көгалдандыру отрядына сарбаз болып кіріп, тынымсыз еңбегінің арқасында отряд командирі қызметіне дейін көтерілген. Алматы қаласын көгалдандыруға жастарды жұмылдырып, өз үлестерін қосқан.

2006 жылы «Қазақстан Жастар конгресі» мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі болған. Алматы қаласындағы жоғары оқу орынында жүрген белсенді де, талантты жастармен бірге жұмыс жасаған.

2007 жылы Алматы қаласы әкімінің «Жаңа инновациялық жобалар» атты жас ғалымдар арасындағы конкурсқа қатысып, «Күн сәулесін қолдану арқылы жемістерді гелиокептіргішпен кептіру» атты ғылыми жобасы жүлделі І орынды иеленген.

Осы жылы Алматы қаласында Қазақ-Британ университетінде, жоғары оқу орындары арасындағы «Жастардың әлеуметтік маңызы бар жобалары» атты конференциясында «Жерге түскен жапырақты жинайтын құрылғы» атты жобасы жүлделі ІІ орын алып, бағалы сыйлықпен марапатталған.

2008 жылы Астана қаласында Л.Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Қ.Түймебаевтың шақыртуымен, еліміздің жас ғалымдарының ғылыми жәрмеңкесі болып өтті. Бұл жәрмеңкеде ғылыми жобалары үздік ондықтың қатарынан көрінді.

Аталған жылы Астана қаласында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен «Жас Отан» жастар қанатының І Съезіне Алматы қаласынан жас ғалымдардың қатарынан табылып, делегат болып қатысып қайтты. Бұл жиында республикамыздағы дарынды жас ғалымдардың ғылыми жобаларының көрмесі ұйымдастырылған. Жас ғалымдардың инновациялық көрмесін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев пен Үкімет басшысы К.Қ.Мәсімов аралап көріп, дарынды жастардың ғылыми еңбектеріне оң бағаларын берген.

2008 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетіне мемлекеттік грант есебінен магистартурага түседі. Студенттердің «Жаңа технология» ғылыми үйірмесін басқарып, «Жас ғалым» атағын берген.                                  

2010 жылы магистратураны үздік қызыл дипломмен бітіріп, техника ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін алған.

2010 жылы өзінің туған жері ОҚО, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылына оралып, аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінде жастар тәжірибесінен өтеді.

2011 жылдың шілде айынан бастап Созақ аудандық «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жастар ісі жөніндегі нұсқаушы қызметін атқарып келді.

Ал, 2012-2014 жылдар аралығында «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып жұмыс атқарған. Осы жылдар ішінде аудандық «Жастар орталығы» мен «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігі арқылы жастардың игілігі жолында қызмет жасап, жастардың көкейкесті мәселелерін шешуге өз ықпалын тигізген.

2013 жылы «Созақ ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жастардың потенциалын нығайту» және «Мектеп оқушыларының өзін-өзі басқару ұйымының жұмысын жетілдіру» кіші жобалары арқылы Сорос-Қазақстан Халықаралық қорының қаржылай грантын ұтып алып, жұмыстар жүргізді. Аудандық Жастар орталығымен бірлесіп «Жастар – таза аудан үшін!» кіші жобасы арқылы аудан жастарын қоғамдық жұмыстарға тарту, қоршаған ортаны таза ұстауға және сенбілікке бір ауыздан шығуға үгіт-насихат жүргізді. Сол арқылы «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігі «ОҚО Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар ассоциациясына мүше болып қабылданып, облыс деңгейінде белгілі болды.

2013 жылғы қазан айының 13-14 күндері Астана қаласында үкіметтік емес ұйымдардың VI Азаматтық форумы болып өтті. Екі жылда бір рет өткізілетін Азаматтық форумға еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден бас-аяғы 600-ге тарта өкіл қатысты. Оңтүстік өңірден қазіргі таңда белсенді жұмыс жасап жатқан үкіметтік емес ұйымдардың басшыларынан 20 делегат сайланып, форумға қатысып қайтты. Сол делегаттың ішінен ең жас үкіметтік емес ұйым ретінде «Созақ жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Саржанов Біржан Рысбайұлы да табыла білді.

2014 жылдың наурыз айында облыстық Кәсіподақ кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Кәсіподақ және қоғам» атты форумында облыс әкімінің орынбасары Ә.Бектаевтың алғыс хатымен және «Ең үздік жас маман» номинациясымен марапатталды.

2014 жылғы 28 маусым – Журналистер күнінде «Қазақстан Республикасы Журналистер Одағына» мүше болып қабылданып, арнайы куәлігі табысталды.

2014 жылдың қазан айынан бастап «АСАР» Оңтүстік Қазақстан мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Созақ аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды. Қазіргі таңда қоғамдық ұйым мүгедек азаматтардың құқығын қорғау мен олардың әлеуметтік мәселелеріне көңіл аудару, қоғамға мейілінше араластыруға жұмыс жасауда.

2016 жылы «АСАР» Оңтүстік Қазақстан мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Семей полигонының жабылуына 25 жыл» және «Сауап» медальдарымен марапатталған.

2017 жылы Атырау қаласында өткен «ҮЕҰ-бизнес-мемлекет: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» «АСАР» І республикалық үшжақты ынтымақтастық форумының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қатысушы делегаты.

2017 жылы Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен «Жастар корпусын дамыту» жобасының тренингіне қатысып, ментор-тренер сертификатына ие болған.

2017 жылы 28 маусым – Баспасөз және байланыс қызметкерлері күніне орай, Үздік жас тілші ретінде ҚР Журналистер одағы ОҚО филиалының төрайымы А.Ж.Қапбарованың алғыс хатымен марапатталған

2018 жылы Астана қаласында Елбасының қатысуымен өткен VIII Азаматтық форумға қатысушы делегат.

2018 жылы облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар қауымдастығының форумында Қоғамдық ұйымның жұмысын жүргізу арқылы, облысымыздың әлеуметтік жағдайына қосқан үлесі үшін облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Р.Балабиевтың алғыс хатымен марапатталған.

Саржанов Біржан Рысбайұлы  жанұялы, екі қыздың әкесі.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close