Без рубрики

САЙРАМ АУДАНЫНДА САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Тарихтың қасіретті беттерін ұмытпау, жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына тағзым ету – ұлттың азаматтық жауапкершілігі мен рухани кемелдігінің айқын көрінісі.

Осы мақсатта Сайрам ауданында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған мазмұнды әрі тағылымды шара ұйымдастырылды.

Ақсукент ауылында орналасқан «Сайрам аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің мәжіліс залында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай дөңгелек үстел өтті. Іс-шара мекеменің жылдық жұмыс жоспары аясында өткізіліп, тарих тағылымын жас ұрпаққа жеткізуді көздеді.

Дөңгелек үстелге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков пен кеңес мүшелері, Сайрам ауданының құрметті азаматтары Әлібек Байназар және Асан Шоқатай, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық төрағасы Мұрат Есалиев, Аналар кеңесінің мүшелері, аудандық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зумрад Ахмедова, әзірбайжан этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі, ауданның құрметті азаматы Магомет Гусейнов, аудандық славян этномәдени бірлестігінің жетекшісі Маргарита Сапаева, кітапхана қызметкерлері мен этнос жастары қатысты. Кездесуді «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы ашып, жүргізіп отырды.

Шара барысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арда азаматтар мен ашаршылық жылдарында қыршын кеткен боздақтардың рухына бір минут үнсіздік жарияланып, тағзым жасалды. Кездесуде сөз алған Аманкелді Қабылбеков 1997 жылдан бері 31 мамырдың саяси репрессия құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленгенін атап өтіп, халқымыздың жазықсыз жазаланған азаматтардың есімін ұмытпай, олардың рухына әрдайым құрмет көрсетіп келе жатқанын жеткізді. Ол өз сөзінде өткеннің қасіретін еске алу арқылы ғана әділетті қоғам мен кемел болашаққа жол ашылатынын ерекше атап өтті.

Іс-шара барысында этносаралық келісім мен бірліктің маңызын айқындайтын тағы бір тағылымды сәт орын алды. Аудандық славян этномәдени бірлестігінің «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты кітабының тұсауы кесіліп, көпшілікке таныстырылды. Бұл еңбек Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық қызметін, этностар арасындағы татулық пен өзара түсіністіктің қалыптасу жолын баяндайтын құнды дерек көзі ретінде оқырманға жол тартты.

Шара соңында Сайрам ауданының құрметті азаматы Әлібек Байназаров саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының рухына құран бағыштап, жиналған жұртшылық өткен тарихтан тағылым алудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.

Аталған дөңгелек үстел тарихи жадыны жаңғыртып қана қоймай, түрлі этнос өкілдерінің ортақ қасіретті бірге еске алып, бірлік пен татулықтың қадірін терең сезінуіне мүмкіндік берді. Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақты отансүйгіштікке, әділдік пен адамгершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close