TITF–2025: ТҮРКІСТАНДА 432,2 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН 7 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Түркістан қаласында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы ауқымды түрде өтіп жатыр.

Форумға әлемдік деңгейдегі көшбасшы компаниялар, ірі отандық кәсіпкерлер, сондай-ақ өңірлік атқарушы билік органдарының өкілдері қатысып отыр. Бұл іс-шараның басты мақсаты – Түркістан облысына инвестиция тарту, өңір экономикасын әртараптандыру және өндіріс саласын дамыту бойынша жаңа жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру. Форум аясында өңірдің инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.
Форумды ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығы да белсенді түрде атсалысып, шараға өз үлесін қосты. Қазақстан Республикасының Бас консулы Қыраубаев Жошыхан Асылбекұлы Қытайдың Шэньси және Сычуань провинцияларынан келген ресми және бизнес делегациясын бастап келді. Делегация құрамында ірі бизнесмендер мен мемлекеттік органдардың өкілдері болды, бұл аймақаралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік берді.
Халықаралық форум «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақырыбында панельдік сессияға ұласты. Панельдік кездесуде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарға үнемі қолдау көрсетілетінін атап өтіп, мақұлданған жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді. Әкімнің сөзіне сәйкес, бұл форум өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған маңызды алаң.
Нұралхан Көшеров: «Облыс орталығында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық форумға қош келдіңіздер! Бүгінгі форум өңірдің дамуын жылдамдатып, өндіріс саласындағы тың жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін іскерлік алаң болып табылады. Сіздерді облысты жан-жақты дамытуға, экспорт көлемін ұлғайтуға, әсіресе өнеркәсіп саласын дамыту жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын! Бүгін бірқатар маңызды жобалар мақұлданып, жүзеге асыру жолдары зерделенуде. Алдағы уақытта аймақтың өндіріс саласы жоғары деңгейде дамиды деп сенемін», – деп атап өтті.
Форум барысында жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан-Қытай индустриалды аймағын құру жөніндегі жобаның құны 75,3 млрд теңге болды. Сондай-ақ джинс матасын өндіру, ілмек және мата шығару, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру сияқты инвестициялық жобалар мақұлданды. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.
Облыста 2025–2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жобалардың толық іске асуы 23 915 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта 34 жоба іске қосылып, 4 889 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, биылғы жылдың алғашқы 10 айында облыстың капиталына 1 178,4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. 2025 жылға арналған тікелей шетелдік инвестицияларды тарту индикаторы 475 млн АҚШ доллары деп бекітілген, ал II тоқсан қорытындысында бұл көрсеткіш 543,5 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.
Жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтті, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде арнайы экономикалық аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын шығару, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем өндіру және өсімдік майын өндіру сияқты жобаларды іске асыру көзделіп отыр.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл форум ресми сапарлардың жалғасы ретінде іскерлік алаңға айналып отыр. Форумда мақұлданған жобалар өңір экономикасын тұрақты дамытуға және өндірістік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Алынған келісімдер мен қол қойылған меморандумдар аймаққа инвестиция тартуды арттырып, Түркістан облысының халықаралық деңгейде инвестициялық тартымдылығын күшейтеді.



