ТҮРКІСТАН: ҒАСЫР ЖАСАҒАН НАУҚАСҚА КҮРДЕЛІ ОТА СӘТТІ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысында медицина саласының жоғары кәсібилігін айғақтайтын тағы бір күрделі ота сәтті жүзеге асты.

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы «Ортопедия» бөлімінде 99 жастағы науқасқа шұғыл түрде күрделі хирургиялық көмек көрсетілді.
Науқасқа жабық көпжарқыншақты сол жақ сан сүйегінің төменгі үштен бір бөлігінің ығысуымен сынуы диагнозы қойылған. Мұндай жарақат егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті саналады, себебі ол ауыр асқынуларға, ұзақ оңалтуға және өмір сапасының төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Соған қарамастан, дәрігерлердің жоғары біліктілігі, емдеу тактикасының дұрыс таңдалуы және медициналық ұжымның үйлесімді командалық жұмысының нәтижесінде операция сәтті өтті. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Мұндай жастағы науқасқа күрделі отаны сәтті жасау – отандық медицина мамандарының үлкен жауапкершілігі мен жоғары кәсіби деңгейін көрсететін айқын мысал.



