САУРАН АУДАНЫНДА БАЛМҰЗДАҚ ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫННЫҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАҒЫЛДЫ
Сауран ауданында өндіріс саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар саны артып келеді. Соның бірі – Иассы ауылдық округіне қарасты Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндірістік алаңында бой көтеретін балмұздақ өндіретін жаңа кәсіпорын.

Жуырда аталған нысанның қазық қағу рәсімі өтіп, өндірістік жобаның ресми бастамасы берілді.
Салтанатты іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, сала мамандары және тиісті бөлім басшылары қатысты. Жиын барысында аудан басшысы жаңа өндіріс орнының аудан экономикасы үшін маңыздылығына тоқталып, жобаның өңірдің өндірістік әлеуетін арттырудағы рөліне ерекше назар аударды.
Жаңа кәсіпорынның жалпы құны 200 миллион теңгені құрайды. Жоба Қазақстандағы және Орталық Азиядағы балмұздақ пен мұздатылған өнім өндіретін жетекші компаниялардың бірі саналатын «Шин-Лайн» компаниясының өндірістік желісін кеңейту аясында жүзеге асырылуда. Бұл бастама Сауран ауданында тамақ өнеркәсібін дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.
Бүгінде «Шин-Лайн» компаниясы еліміздегі ірі өндірушілердің қатарында. Компания қазіргі таңда балмұздақтың 160-тан астам түрін шығарып келеді. Сонымен қатар сүт өнімдері мен мұздатылған жартылай фабрикаттар өндірісін де жүйелі жолға қойған. Компания өнімдері ішкі нарықпен қатар шетелдік нарықтарға да экспортталып, жоғары сұранысқа ие болып отыр.
Сауран ауданында қолға алынған жаңа жоба өндіріс ауқымын кеңейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін онда жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындарының тұрақты табыс табуына жағдай жасалмақ. Бұл өз кезегінде өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына оң ықпал етеді.
Қазық қағу рәсімінде сөз алған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров аудан аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өндіріс орындарының көбеюі – аудан экономикасының тұрақты дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Әсіресе, азық-түлік өндірісі бағытындағы жобалардың маңызы зор. Себебі мұндай кәсіпорындар жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ аудан басшысы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері жөнінде айтып, өндіріс саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылым тарту және жаңа өндірістік жобаларды сүйемелдеу мәселелері аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.
Айта кету керек, соңғы жылдары Сауран ауданында өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын қатар дамытуға басымдық беріліп келеді. Ауданда өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа технологияларды енгізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге де септігін тигізіп отыр.
Еңбекші Диқан елді мекенінде бой көтеретін жаңа балмұздақ өндіру кәсіпорны – ауданның өндірістік дамуындағы маңызды жобалардың бірі. Алдағы уақытта кәсіпорын толық іске қосылған кезде өнім көлемі артып, жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті экономиканың дамуына тың серпін берілмек. Сонымен қатар, Сауран ауданының инвестициялық тартымдылығы артып, өндірістік әлеуеті одан әрі нығая түседі деп күтілуде.



