ИНДОНЕЗИЯДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІЗДЕУДЕГІ СҰЛТАН СӘРСЕМАЛИЕВ ҰСТАЛҒАН КЕЗДЕГІ СУРЕТІ ТАРАДЫ
Индонезия полициясы Атырау облысында екі адамның өліміне күдікті ретінде халықаралық іздеуде жүрген Сұлтан Сәрсемәлиевті қолға түсірді деп хабарланды

Ол Ломбок аралының солтүстігіндегі Сенару ауылындағы қонақүйлердің бірінде ұсталған.
Солтүстік Ломбок полициясы арнайы операцияны Интерполдың «қызыл бюллетені» мен Атырау қалалық сотының 2026 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы негізінде жүргізген. Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметінше, операция 24 ақпанда өткен.
Полиция бастығы Агус Пурванта шетелдік БАҚ-қа берген түсініктемесінде халықаралық іздеуде жүрген күдіктінің ел аумағында жасырынуына жол берілмейтінін атап өткен. Ал қылмыстық іздестіру бөлімінің жетекшісі И. Команг Виландра жедел топ күдіктінің нақты орналасқан жерін анықтап, қонақүйде ұстау шарасын өткізгенін жеткізді. Күдікті қашуға әрекеттенгенімен, алысқа ұзай алмаған.
Оқиға орнында Қазақстанның тағы бір азаматы — 30 жастағы әйел де ұсталды. Бұған дейін оның қаза тапқан ерлі-зайыптының қызы Ақбаян Мұқанғалиева екені хабарланған еді. Тергеушілер олардың жеке құжаттарын, төлқұжаттарын, банк карталарын және ұялы телефондарын тәркілеген.
Қазіргі таңда Сәрсемәлиев Солтүстік Ломбок полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалған. Екі күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі Индонезияның Әділет министрлігі, ұлттық полицияның халықаралық бөлімшелері және өзге де тиісті органдармен бірлесіп қарастырылмақ. Барлық рәсімдер ұлттық заңнама мен халықаралық келісімдер аясында жүзеге асады.
Қылмыстық істің мән-жайы
Еске салайық, 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы Нәсип Өтешқалиеваның мәйіттері 6 қаңтарда Атырау облысы Жангелдин ауылындағы өз үйінің ауласынан табылған болатын. Полиция күдікті ретінде олардың күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиевті атаған.
Сонымен қатар отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиева да біраз уақыт хабар-ошарсыз кеткен еді. Кейін екеуі де Индонезия аумағынан анықталды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шетелде ұсталған ерлі-зайыптылардың бес баласы күдіктінің туыстарының қарауына берілген. Ал марқұмдардың өзге екі баласы — қызы Мирамгүл Қарабалина мен ұлы Наурыз Мұқанғалиевті іздестіру жалғасып жатыр.
Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелерінің атынан және Наурыздың атынан мессенджерлер арқылы хат-хабарлар келіп тұрған. Сол себепті жақындары бастапқыда құқық қорғау органдарына бірден жүгінбеген. Хабарламаларда анасының сырқаттанып қалғаны және шаруашылықтағы малды сатуға мәжбүр болғаны айтылған.



