ТҮРКІСТАНДАҒЫ ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕР – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ ҮШІН ҮЛГІЛІ ЖОБА
Қазақстанда өңірлік экономиканы дамыту мен шағын және орта бизнесті қолдау бағытында жаңа тәсілдер іздестіріліп жатқан тұста Түркістан облысының тәжірибесі ерекше назарға ілікті.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде жүзеге асырылып жатқан шағын өндірістік парктерді құру тәжірибесін еліміздің басқа облыстарында да енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастама тек бір өңірдің жетістігі емес, жалпыұлттық экономикалық модельге айналуы мүмкін маңызды қадам ретінде бағалануда.
Осы мәселені жан-жақты пысықтау мақсатында Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің өкілдері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген 40-қа жуық делегация Түркістан облысына арнайы іссапармен келді. Бұл сапардың басты мақсаты – өңірде қалыптасқан өндірістік инфрақұрылымды көзбен көріп, оның тиімділігін саралау және басқа облыстарға бейімдеу мүмкіндіктерін қарастыру. Мұндай ауқымды делегацияның келуі жобаның республика деңгейінде жоғары қызығушылық тудырып отырғанын көрсетеді.
Іссапар барысында делегация Сауран ауданындағы «SAURAN» өндірістік паркінде болып, нақты өндірістік жобалардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жаңбырлатып суғару жүйелерін шығаратын «BNK Group», жиһаз өнімдерін өндіретін «Aqniet Holding», өндірістік тоңазытқыштар жасайтын «UBC Групп» кәсіпорындарының қызметі назарға ұсынылды. Сонымен қатар «Иассы», «Ескі Иқан», «Дәморда» және «Қарашық» секілді шағын өндірістік парктердің құрылыс барысы да көрсетілді. Бұл нысандардың барлығы өңірде өндірістік әлеуеттің жүйелі түрде қалыптасып келе жатқанын айғақтайды.
Делегация мүшелері Түркістан облысында қолға алынған бұл бастаманы жоғары бағалап, оның шағын және орта бизнесті дамытудағы тиімді құрал екенін атап өтті. Әсіресе дайын инфрақұрылымы бар өндірістік алаңдардың кәсіпкерлер үшін қолжетімді болуы – бизнесті бастау мен дамытудағы негізгі кедергілерді азайтады. Нәтижесінде жаңа кәсіпорындар ашылып, бәсекелестік артып, өңірлік экономиканың құрылымы әртараптана түседі.
Бүгінгі таңда Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында жалпы аумағы 214 гектарды құрайтын 25 шағын өндірістік парк құрылып жатыр. Бұл алаңдарда 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта 251 жоба бойынша келісімдер жасалып, олардың жалпы инвестициялық құны 192 млрд теңгені құрайды. Жобалар толық іске асқан жағдайда 5 218 жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайын 96 млрд теңгеге дейін импортты алмастыратын өнім өндіріледі деп күтілуде. Бұл көрсеткіштер өңір экономикасына айтарлықтай серпін беріп қана қоймай, елдің өндірістік тәуелсіздігін нығайтуға да ықпал етеді.
Жалпы алғанда, Түркістан облысындағы шағын өндірістік парктерді дамыту тәжірибесі – тиімді басқару мен нақты экономикалық саясаттың нәтижесі. Егер бұл модель еліміздің басқа өңірлерінде де жүйелі түрде енгізілсе, Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті айтарлықтай артып, өңірлер арасындағы экономикалық теңгерім күшейе түседі.



