Без рубрики

АСТАНАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР ЖЫЛЫН ӨТКІЗУ ЖӨНІНДЕГІ ОТЫРЫС ӨТТІ

Астанада ТМД елдері волонтерлерінің алғашқы форумы қарсаңында Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық волонтерлер жылын (IVY-2026) өткізу жөніндегі Ұлттық ұйымдастыру комитетінің IV отырысы өтті.

Жиынға Ұлттық ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбанов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің, сондай-ақ Ұлттық волонтерлік желінің өкілдері қатысты.

Кездесуде IVY-2026 аясында жүзеге асырылып жатқан ұлттық жоспар мен халықаралық бастамалардың орындалу барысы талқыланды. Қатысушылар атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралап, волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне тоқталды.

Жиында Қазақстанның БҰҰ Волонтерлер бағдарламасымен бірлескен жұмысының нәтижелері де қаралды. Қазіргі уақытта әлемнің 60 елінде IVY-2026 ұлттық үйлестірушілері тағайындалғаны айтылды. Бұл халықаралық бастаманың аясында волонтерлік қызметті дамытудың бірыңғай бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

Отырыс барысында 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасының жобасы да таныстырылды. Құжат волонтерлікті ұзақ мерзімде қолдау мен дамытудың тиімді жүйесін қалыптастыруды көздейді.

Тұжырымдамада мемлекет пен волонтерлік қоғамдастық арасындағы өзара байланысты жетілдіру, азаматтарды қоғамдық бастамаларға тарту және волонтерлік қозғалыстың институционалдық негізін күшейту мәселелеріне басымдық берілген.

Сонымен қатар Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің елдегі волонтерлік қозғалысты дамытудағы рөлі атап өтілді. Оның негізгі міндеттері қатарында волонтерлік бастамаларды үйлестіру, ұйымдарға әдістемелік қолдау көрсету және азаматтарды қоғамдық жұмыстарға кеңінен тарту бағыттары бар.

Қатысушылар волонтерлік қызметті жүйелі түрде қолдаудың маңызын атап өтіп, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және еріктілер бастамаларын өңірлерде кеңейтуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық ұйымдастыру комитетінің алдағы кезеңдегі басым бағыттары айқындалып, IVY-2026 аясындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырудың негізгі міндеттері белгіленді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close