ҚМДБ МӘҺР МӨЛШЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ҰСТАНЫМЫН ЖАРИЯЛАДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы некенің негізгі шарттарына қатысты түсініктеме беріп, қоғамда жиі талқыланатын мәһр мәселесі бойынша ресми ұстанымын жариялады.

ҚМДБ-ның ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, мәһр мөлшерін белгілеу кезінде ер азаматтың материалдық жағдайы мен отбасының әлеуметтік ахуалы ескерілуі қажет.
Мәліметте мәһрдің исламдағы орны мен маңызы да түсіндірілген.
«Мәһр – ер адамның неке қиылу барысында қалыңдыққа өз ризашылығымен беретін шариғи сыйы. Ханафи мәзһабында мәһрдің ең төменгі шегі 10 дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Бұл қазіргі өлшеммен 4,25 грамм алтын немесе соған тең келетін ақшалай қаражатқа сәйкес келеді. Мәһрдің мөлшерін ер азаматтың материалдық мүмкіндігіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып айтқан жөн. Өйткені мәһр күйеу жігітті қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай аз болмауы керек», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ басқарма мәһрді толық көлемде бірден төлеу міндетті емес екенін атап өтті. Исламда оның бір бөлігін неке қию кезінде, ал қалған бөлігін кейінірек беруге рұқсат етілетіні айтылған.
Бұдан бөлек, ҚМДБ некенің өзге де негізгі шарттарын еске салды. Атап айтқанда, неке қию үшін қалыңдықтың ата-анасының немесе уәлиінің келісімі, куәгерлердің қатысуы және некеге кедергі келтіретін туыстық не діни шектеулердің болмауы қажет.



