БИШІМБАЕВ ІСІ АРҚЫЛЫ ТАНЫЛҒАН АЙЖАН АЙМАҒАНОВА ПРОКУРАТУРАДАҒЫ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптаушы ретінде танылған прокурор Айжан Аймағанова прокуратура органдарындағы қызметінен кеткенін мәлімдеді.

Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, прокуратура жүйесінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткенін және кәсіби жолының жаңа кезеңін бастайтынын жеткізді.
Айжан Аймағанова көпшілікке экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесінде мемлекеттік айыптауды қолдап, кәсіби шеберлігімен кеңінен танылды. Оның соттағы жұмысы қоғам назарын аударып, құқық қорғау саласындағы қызметіне көптеген азамат оң бағасын берген еді.
Прокурор өз мәлімдемесінде прокуратура органдарында жинаған тәжірибесі мен бірге қызмет атқарған әріптестеріне алғысын білдіріп, заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарына адал қызмет ету әрдайым басты ұстанымы болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Айжан Аймағанова саяси бағыттағы жаңа қадамын бастады. Ол кеше өткен «Әділет» партиясының III съезіне қатысып, партия атынан Құрылтай сайлауына түсетін кандидаттар қатарынан орын алды.
Партия съезінде Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар тізімі бекітілді. Айжан Аймағанова бұл шешім арқылы қоғамдық-саяси қызметке араласуға ниетті екенін көрсетті.
Оның алдағы жұмысы заң саласындағы тәжірибесін қоғамдық өкілдік бағытта жалғастырумен байланысты болмақ.



