САУРАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ІРІ ЖОБА ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ
Сауран ауданында агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды инвестициялық жоба талқыланды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров «BAUDAN EXPORT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесіп, көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін кептіру және терең өңдеу арқылы эфир майын өндіретін өндіріс орнын ашу мәселесін қарастырды.

Кездесу барысында инвесторлар болашақ жобаның негізгі бағыттарын таныстырып, өндірістің қуаттылығы, шикізатпен қамтылу мүмкіндігі мен экономикалық тиімділігі жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын жоба іске асқан жағдайда аудан экономикасына елеулі серпін беріп, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа мүмкіндік ашпақ.
Жоспарға сәйкес, жаңа өндіріс орнында тәулігіне 20 тоннаға дейін көкөніс өнімдері өңделеді. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін кептірумен қатар, оларды терең өңдеу арқылы эфир майларын өндіру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде шикізатты дайын өнімге айналдырып, қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ең маңыздысы – өндіріс орны жергілікті шаруалардың өнімін қабылдауға басымдық береді. Яғни, кәсіпорынға қажетті шикізат аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен сатып алынбақ. Бұл жергілікті диқандар үшін өнім өткізу нарығын кеңейтіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақты табыстың артуына ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, жоба аясында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Бұл әсіресе ауылдық елді мекендердегі тұрғындарды еңбекпен қамтуға және әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әсерін тигізеді. Сонымен бірге жаңа өндіріс орны ауданның индустриялық әлеуетін күшейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыруға жол ашады.
Кездесу барысында тараптар болашақта өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесіне де тоқталды. Нарық сұранысына қарай көкөніс түрлерін көбейту, өндірістік бағыттарды кеңейту және экспорттық әлеуетті арттыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты жергілікті шаруалармен алдын ала келісімшарт негізінде жұмыс жүргізу тетіктері қарастырылуда. Бұл тәсіл шаруаларға қандай өнімге сұраныс жоғары екенін алдын ала жоспарлап, өндіріс көлемін нақтылауға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өңдеу өнеркәсібін дамыту – өңір экономикасының басты басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, экспорт көлемін ұлғайту және жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру – ауданның экономикалық дамуына тың серпін береді.
– Біз үшін ең маңызды мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін тек шикізат ретінде сатумен шектелмей, оны өңдеп, дайын өнім шығару. Мұндай жобалар аудан экономикасын әртараптандырып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға да мүмкіндік береді, – деді аудан басшысы.
Кездесу қорытындысында тараптар жобаны іске асырудың ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерін талқылап, алдағы уақытта жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жөнінде пікір алмасты. Егер жоба толық іске асса, Сауран ауданында агроөнеркәсіп саласының жаңа бағыты қалыптасып, жергілікті өндіріс пен ауыл шаруашылығы арасындағы өзара байланыс нығая түспек.



