ПРЕЗИДЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТТІ КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, ведомствоның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысының қорытынды есебін тыңдады.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов жыл басынан бері жалпы құны 5,8 триллион теңгені құрайтын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілгенін баяндады. Тексерулер жергілікті атқарушы органдарды, «Проблемалық кредиттер қоры», «Аграрлық корпорация», «Қазпошта», «Ақтау теңіз порты» акционерлік қоғамдарын, денсаулық сақтау инфрақұрылымын және бірқатар мемлекеттік органдарды қамтыған.
Аудит нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жоюдың арқасында мемлекет бюджетіне 128 миллиард теңге қайтарылды. Сонымен қатар Үкіметке және аудит жүргізілген мекемелерге 35 ұсыным мен 413 нұсқама жолданған.
Президент тапсырмаларын орындау аясында бюджет үдерісін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер де енгізілді. Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам жасаудың жаңа тәртібі қабылданып, мемлекеттік қаржының жұмсалуына қазыналық бақылау күшейтілді. Сондай-ақ төртінші тоқсанда республикалық бюджетке түзетулер енгізуге шектеу қойылды.
Кездесуде жекешелендіру үдерісінің ашықтығын арттыру, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері де сөз болды. Биылғы екінші жартыжылдықта тағы 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланып отыр. Оның ішінде Президенттің тікелей тапсырмасымен Шымкент қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының қызметі, сондай-ақ фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктері тексеріледі. Бұдан бөлек, газ саласы, инвестициялық жобалар, «Жасыл даму» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, ұлттық жобалар мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы да аудиттен өтеді.
Сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына бағалау жүргізу жоспарланып отыр.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыруды тапсырып, бұл бағытта цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге ерекше назар аударуды міндеттеді.



