ҚАЗАҚСТАН КАРДИОЛОГИЯДА ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ
Қазақстанның кардиология және кардиохирургия саласы соңғы жылдары айтарлықтай дамып, әлемдік деңгейдегі медициналық жетістіктерге қол жеткізуде. Бүгінде еліміз жүрекке жасалатын күрделі операциялар мен заманауи емдеу әдістерін меңгерген мемлекеттердің қатарына қосылып, кардиохирургия бағытында әлемнің үздік 30 елінің қатарынан орын алды.

Бұл жетістіктердің негізгі көрсеткіші – халық денсаулығындағы оң өзгерістер. Соңғы бес жылда жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім деңгейі 35 пайызға төмендеген. Мамандар мұны денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, медициналық технологияларды енгізу және кардиологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы кешенді жұмыстардың нәтижесі деп бағалайды.
Кардиология саласындағы жетістіктер туралы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев айтып өтті. Оның сөзінше, Қазақстанда жүрек ауруларын ерте анықтау, заманауи диагностика әдістерін қолдану және жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Бүгінде еліміздің медициналық ұйымдарында күрделі кардиохирургиялық операциялар, жүрекке жасалатын интервенциялық емдеу шаралары және заманауи оңалту бағдарламалары кеңінен қолданылуда. Отандық дәрігерлер халықаралық тәжірибені игеріп, әлемнің жетекші медициналық орталықтарымен әріптестік орнатуда.
Сала мамандарының айтуынша, алдағы кезеңдегі басты міндеттердің бірі – жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу жұмыстарын күшейту, диагностика сапасын арттыру және медициналық көмектің барлық өңір тұрғындары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Қазақстан кардиологиясының жетістіктері – дәрігерлердің кәсіби шеберлігі мен медицина саласына бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі. Мыңдаған адамның өмірін сақтап, жүрек дертіне шалдыққан науқастарға жаңа мүмкіндік сыйлап отырған бұл бағыт ел медицинасының маңызды жетістіктерінің біріне айналып отыр.



