БАЛАНЫ ТЕРЕЗЕ ҚАУПІНЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ? ПОЛИЦИЯ АТА-АНАЛАРҒА ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ
Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Күннің ыстығында үй ішін желдету үшін терезелерді ашық қалдыру жағдайлары жиілейді. Алайда бұл кішкентай балалар үшін үлкен қауіп тудыруы мүмкін.

Осыған байланысты полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, терезеден құлау жағдайлары көбіне ересектердің бір сәттік назарсыздығынан орын алады.
Баланың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін ата-аналар төмендегі қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік ережелерін есте ұстауы қажет.
Ең алдымен, москит торын қорғаныс құралы деп қабылдауға болмайды. Ол баланың салмағын көтеруге арналмаған. Бала оған сүйенген жағдайда тор орнынан түсіп, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмау керек. Әсіресе бала бөлмеде жалғыз қалған кезде ашық терезе үлкен қауіп көзіне айналады. Терезелерге балалар өздігінен аша алмайтын арнайы бекіткіштер мен шектеу құрылғыларын орнату ұсынылады.
Сондай-ақ терезе маңына үстел, орындық, диван секілді жиһаздарды орналастырмаған жөн. Себебі балалар сол заттардың үстіне шығып, терезеге жақындауы мүмкін.
Мамандар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға, әсіресе терезелер ашық тұрған кезде оларды үнемі бақылауда ұстауға кеңес береді. Қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарау орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Полиция баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір ата-ананың басты міндеті екенін еске салады. Егер ата-аналар немесе заңды өкілдер бұл міндеттерді тиісінше орындамай, соның салдарынан баланың денсаулығына зиян келсе, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Баланың өмірі – ең қымбат құндылық. Қарапайым сақтық шаралары арқылы көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болады.



