Без рубрики

АУЫЛДАСТАРЫНЫҢ МАЛЫН ҰРЛАҒАН ТОП ҰСТАЛДЫ

Қарағанды облысында бірнеше ай бойы ауыл тұрғындарын әбігерге салған мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілердің өздері ұрлық жасалған ауылдардың бірінің тұрғындары болып шыққан.

Polisia.kz мәліметінше, Нұра аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында биылғы наурыз айынан бері мал ұрлығымен айналысып келген топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.

Тергеу барысында күдіктілердің кемінде бес эпизодқа қатысы бары анықталды. Олар ауыл тұрғындарының 14 бас ірі қарасы мен 24 қойын қолды еткен.

Полицияның мәліметіне сәйкес, ұсталғандардың барлығы Нұра ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғындары. Тергеу кезінде олар өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізген.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде ұрланған малдың бір бөлігі табылып, заңды иелеріне қайтарылды. Атап айтқанда, жеті бас сиыр мен үш қой иелеріне табысталды. Ал қалған малдың Ақмола облысы мен Астана қаласының аумағында сатылып кеткені анықталды. Қазіргі уақытта оларды іздеу және заңды иелеріне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар полицейлер ұсталғандардың Нұра ауданында және көршілес өңірлерде тіркелген осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Құқық қорғау органдары ұрланған малды толық көлемде заңды иелеріне қайтару және қылмыстың барлық мән-жайын анықтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close