Без рубрики

ТОҚАЕВ ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады. Кездесуде 2026 жылғы қаңтар–шілде айларындағы ақша-кредит саясатының қорытындылары мен елдегі қаржы нарығының негізгі көрсеткіштері қаралды.

Тимур Сүлейменов Президентке ақша-кредит саясатының іске асырылу барысы туралы баяндап, инфляциялық процестерге қатысты ахуалды таныстырды. Оның мәліметінше, шілде айында жылдық инфляция 10,2 пайызды құрады. Осылайша, инфляция деңгейі қатарынан 10 ай бойы төмендеген.

Кездесуде экономиканы кредиттеу көрсеткіштеріне де назар аударылды. 1 шілдедегі жағдай бойынша бизнеске берілген кредиттердің көлемі бір жыл ішінде 17,1 пайызға өскен. Ал шағын және орта бизнеске берілген кредиттер 29,6 пайызға артқан. Сонымен қатар тұтынушылық кредиттердің өсімі 13 пайызға дейін баяулаған.

Мемлекеттің халықаралық резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі де айтылды. Қазіргі таңда олардың жалпы көлемі 127,3 миллиард АҚШ долларын құрап отыр.

Цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бағытында да бірқатар өзгеріс бар. 19 шілдеден бастап банкаралық QR төлемдер мен телефон нөмірі арқылы ақша аудару тетігі іске қосылды. Жаңа жүйе арқылы осы уақытқа дейін 6,5 миллион операция жасалып, жалпы сомасы 170 миллиард теңге аударылған.

Кездесу соңында Президент Ұлттық банкке бірқатар нақты міндет жүктеді. Мемлекет басшысы инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың және баға өсімін тежеуге бағытталған шаралардың тиімділігін арттырудың маңызын атап өтті.

Президент тапсырмалары ақша-кредит саясатының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, қаржы нарығының орнықтылығын сақтауға және экономикалық өсімге қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close