АИДА БАЛАЕВА «ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ» ГРАНТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ
Астанада Халықаралық жастар күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының биылғы жеңімпаздары марапатталды. Еліміздің әр өңірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік бағыттар бойынша үздік деп танылған 30 жобаның авторы елордаға жиналды.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық жастар күніне арналған құттықтауын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Жеңімпаздарға өз жобаларын жүзеге асыруға арналған 3 миллион теңгелік грант сертификаттары табысталды.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Қазақстанда барлық салада ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, жалпыұлттық референдумда халық бірауыздан қолдаған жаңа Конституция елдегі өзгерістерге тың серпін беріп, Қазақстанның одан әрі дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты.
«Жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда республикамыздың әр аймағында көптеген мектептер, спорт нысандары, даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгін табысталатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – соның жарқын көрінісі», – делінген Президент құттықтауында.
Аида Балаева Мемлекет басшысының жастарға көрсетіп отырған қолдауы арнайы бағдарламалармен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет үшін ең маңызды міндеттердің бірі – елдің болашағын қалыптастыратын жас ұрпаққа жағдай жасау және олардың әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік беру.
«Бүгінде еліміздің жаңа даму кезеңінде жастарға үлкен сенім артылып отыр. Себебі білімге ұмтылатын, жаңа идеядан қорықпайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас ұрпақ – мемлекеттің ең маңызды капиталы», – деді Аида Балаева.
Министрдің мәліметінше, кейінгі бес жылда Қазақстанда 1,5 миллионға жуық жас жұмыспен қамтылған. Осы кезеңде 192 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 23 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант алған. Сонымен қатар «Наурыз», «Отау» және өңірлік ипотекалық бағдарламалар арқылы 13 мыңға жуық жас баспаналы болуға мүмкіндік алды.
Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына 2200-ден астам өтінім түскен. Оның 1745-і конкурс талаптарына сай деп танылып, қарауға жіберілген. Өтінімдердің 663-і «Бизнес» бағыты бойынша, 383-і «Ақпараттық технологиялар», 218-і «Ғылым», 174-і «Мәдениет», 158-і «Медиа» және 149-ы «Волонтерлік» бағыты бойынша қабылданған.
Конкурс қорытындысы бойынша 30 жоба үздік деп танылып, олардың авторларына 3 миллион теңгеден грант берілді. Қаражат жастардың өз жобаларын жүзеге асырып, жаңа бастамаларын дамытуына бағытталады.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты талантты және бастамашыл жастарды қолдау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылы тағайындалған. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері оның жеңімпазы атанған жас қазақстандықтардың жалпы саны 153 адамға жетті.
Биылғы жеңімпаздардың арасында кәсіпкерлікпен айналысатын, ғылыми зерттеулер жүргізетін, мәдениет пен медиа саласында еңбек ететін, заманауи технологияларды дамытатын және волонтерлік жобаларды жүзеге асырып жүрген жастар бар. Олардың әрқайсысы өз саласындағы нақты жобасын ұсынып, оны жүзеге асыруға мемлекеттік қолдауға ие болды.
Жастар күніне арналған іс-шарада марапатталған жобалар – еліміздің әр өңірінде жаңа идеялар мен тың бастамалардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік гранттың негізгі мақсаты да – осындай жастардың әлеуетін қолдап, олардың идеясын нақты жобаға айналдыруына мүмкіндік беру.



