МЕКТЕП СӨМКЕСІНІҢ САЛМАҒЫ ҚАНША БОЛУЫ КЕРЕК
Оқу жылы қарсаңында ата-аналарды алаңдататын мәселелердің бірі – мектеп сөмкесінің салмағы. Денсаулық сақтау министрлігі оқушы сөмкесінің қанша килограмм болуы керектігін түсіндірді.

Мамандардың айтуынша, толық жиналған мектеп сөмкесінің салмағы баланың дене салмағының 10 пайызынан аспауы тиіс. Мысалы, оқушының салмағы 30 келі болса, оның кітаптары мен оқу құралдары салынған сөмкесі 3 келіден ауыр болмағаны жөн.
Жас ерекшелігіне қарай оқушы сөмкесінің ұсынылатын салмағы мынадай:
- 1–3 сынып оқушылары үшін – 2 келіге дейін;
- 4–5 сынып оқушылары үшін – 2,5 келіге дейін;
- 6–7 сынып оқушылары үшін – 3,5 келіге дейін;
- 8–11 сынып оқушылары үшін – 4,5 келіге дейін.
Сонымен қатар мамандардың айтуынша, бос сөмкенің өзінің салмағы 1 келіден аспауы керек. Сөмке неғұрлым жеңіл болса, баланың арқасына түсетін қосымша жүктеме де соғұрлым аз болады.
Сөмке таңдағанда оның көлеміне де мән берген жөн. Ол тым үлкен болмауы және баланың белінен төмен түсіп тұрмауы қажет. Сондай-ақ иықбаулары кең әрі реттелетін болғаны дұрыс.
Мамандар ата-аналарға баланың сөмкесін үнемі тексеріп, қажетсіз кітаптар мен заттарды алып тастауға кеңес береді. Бұл оқушының омыртқасына түсетін артық салмақты азайтып, оқу кезінде өзін жайлы сезінуіне мүмкіндік береді.



